Оқушыларға қолдау көрсетті
Ордабасы ауданындағы «Самұрық» аллеясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеге Шымкент қалалық «Автонұр» сауда орталығының 80-ге жуық кәсіпкері қатысып, балалардың мектепке қажетті киім-кешектері мен оқу құралдарын жеңілдетілген бағада нарыққа ұсынды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев 1 тамыздан бастау алған игі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге өз алғысын жеткізді.
Айта кетейік, осы акция аясында Ордабасы ауданы бойынша әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан 3 223 баланың әрқайсысы құны 43 407 теңгені құрайтын әлеуметтік қолдауға ие болды.
Айта кетейік, биыл облысымызда «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.
– Жоғарыда аталған санаттарға жататын отбасылардың балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымы басшысының атына баланың ата-анасы немесе заңды өкілі өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығындар туралы құжатты тапсыруы керек, – деді Жандос Маханбетов.