Алғыс айту күні 10 күн бойы аталып өтеді
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Тимур Оралбеков мәлім етті.
Спикердің мәліметінше, Мемлекет басшысының Алғыс айту күнін мерекелеуге қатысты тапсырмасына сәйкес, өңірде 1 наурыз — Алғыс айту күнінің мән-маңызын арттыру бағытында игі шаралар қолға алынып жатыр. Ауқымды шаралар 20-ақпан мен 1 наурыз аралығын қамтиды.
– Алғыс айту күні — бұл отандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Аталған мереке елімізде 2016 жылдан бері аталып өтіліп жатыр. Мерекенің басты мақсаттарының бірі — өскелең ұрпақты достық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге саяды. Сонымен қатар мереке елімізде этносаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға негізделген. Алғыс айту күні аясындағы іске асырылатын барлық іс-шаралар ұлттық бірлік пен барша отандастарымыздың бір-біріне деген достық, мейірімділіктерін көрсетуге ықпал етеді, — деді Тимур Құрбанұлы.
Брифингте сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов биылғы Алғыс айту күні мерекесі жылдағыдан өзгеше форматта өтетіндігін атап өтті.
– Қазақ даналары «Қарғыс алма, алғыс ал» деп бекер айтпаған. Алғыс айту күні мерекесінің мән-маңызы жоғары. Бұл күнді мерекелеу — күнтізбеге сәйкес көктемнің басталуымен, табиғаттың ояну уақытымен, жаңа үміттермен сәйкес келетін айтулы оқиға. Облыста 21-25 ақпан аралығында «Қайырылымдық керуені» акциясы аясында және 22 ақпанда этнос жастары арасында сурет салу байқауы өткізілмек. Ал 23 ақпан күні этнос өкілдерінің қазақ руханиятындағы ұлы тұлғалардың туындыларын мемлекеттік тілде орындау байқауы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, 24 ақпанда «Қамқорлық» акциясы аясында жалғызбасты зейнеткерлердің үй шаруаларына көмектесу, 25-26 ақпан аралығында этнос өкілдерінің қатысуымен тазалық, абаттандыру, көшеттер отырғызу жұмыстары жоспарланған. 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында этнос өкілдері бірқатар қоғамдық орындарда мерекелік сыйлықтар тарату акциясына қатысады, — деді Ерназар Көпжасарұлы.
Спикердің мәлімдеуінше, мерекелік іс-шаралар шеңберінде әртүрлі салаларда және кәсіптерде адал қызмет етіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтуға назар аударылмақ. Бұл орайда, халықты барынша жаппай қамту үшін әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді тиімді пайдаланудың маңызы ерекше. Осы ретте, Ерназар Баетов көпшілікті бұл мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысуға шақырды.
Айта кетсек, 1 наурыз күні облыс орталығындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында этномәдени бірлестік өнерпаздарының қатысуымен мерекелік шара өтеді.