Министр «Шардара-АРМспорт» клубының тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі етті
Бүгін Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы Шардара ауданына барды.
Министр шардаралық бапкерлер мен саңлақтармен жүздесіп, республикада көш бастаған «Шардара-Армспорт» клубының жұмыстарымен жан-жақты танысты.
Басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бүкіл әлемге танымал болған талантты әрі жеңімпаз спортшылардың ордасы «Шардара-Армспорт» клубының жарқын жетістіктерін республика көлемінде дәріптеп, басқа да өңір спортшыларымен тәжірибе алмасу керек екенін айтты. Бірқатар спорт залдарын аралап тыныс-тіршілігімен танысқан А.Оралов тәуелсіз еліміздің мерейін үстем етіп келе жатқан шардаралықтардың ғаламат жетістіктеріне алғысын айтып, жоғары бағасын берді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркістандық спортшы ұл-қыздарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ал, Шардара ауданы спортының өсіп-өркендеуіне ерекше назар аударған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасы қарсаңында әрбір түркістандық саңлақ дайындық жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп, түрлі лизенциялық турнирлерде жолдама үшін бар күш-жігерлерін ортаға салатынына тоқталды.
Жиында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев жерлестеріміздің қол жеткізген жетістіктері мен аудан спорт саласында атқарылып жатқан тындырымды тірліктер жайлы да кеңінен айтып өтті. Басқарма басшысы жергілікті жұрттың арасында бұқаралық спорттың да кеңінен дамып, спорт кешендерінің қолжетімді екендігін жеткізді.
Айта кетерлігі, биыл қол күресі спортынан алты құрлықта абыройы асқан «Шардара Армспорт» спорт клубына 26 жыл толып отыр. Ең алғаш Түркістан облысы Шардара ауданына қол күресі спортының дамуына ерекше үлес қосқан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы осы спорттың өңірімізде негізін қалаған Арман Қарсыбаев екенін көпшілік жақсы біледі.
Қазіргі таңда «Шардара Армспорт» клубында 500-ден астам спортшы тұрақты түрде жаттығады. Мұнда қол күреспен қатар гір көтеру, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, семсерлесу, найза лақтыру, ядро лақтыру, таэквондо, бокс, пауэрлифтинг сынды бірқатар спорт үйірмелері жұмыс істейді. Клубта 8 жастан бастап, ақысыз түрде кез келген адам спортпен айналыса алады. Сондай-ақ, мұнда жаттығатын балалар үшін тасымалдаушы автобустар қарастырылған.
Бүгінгі күнге дейін қол күресінен «Шардара Армспорт» клубынан 102 — Әлем чемпионы, 99 — Әлем чемпионатының жүлдегері мен 26 — Әлем кубогының иегері, 209 — Азия чемпионы тәрбиеленді. Сонымен қатар, 50 — Азия кубогының иегері мен 500 — Қазақстан чемпионы, 85 — спортшы халықаралық турнирлердің жеңімпазы даярланды. Бұл клубтан 68 — Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері және 124 — Қазақстан Республикасының спорт шебері шыққанын спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Бүгінде елімізге танымал «Шардара-Армспорт» клубында білікті де білімді 35 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Клубтың жетістіктерінің нәтижесінде жергілікті жастардың спортқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Жан басына шаққанда ауданда Түркістан облысы бойынша ең көп чемпиондар тәрбиеленіп шығып отыр.
Министр жиын соңында Шардарадағы «Спортшылар аллеясын» тамашалап, ауданның бапкерлері мен жеңімпаз спортшыларға мемлекетіміздің мерейін әлемдік додаларда атақ-даңқын шығару жолында тек сәттілік тіледі. Келешекте осы ауданнан бұйыртса, олимпиада шыңын бағындырар дарынды спортшының шығатындығына сенім білдіріп, Қазақстанның көк байрағын талай жеңістерде желбірете берулеріне тілектес екендігін жеткізді.