Оқырмандар кәсіпкер Натальямен кездесті
Сайрам ауданы көп ұлтты аудан. Өңірде қазіргі таңда қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Елдің ырысын арттырып, ынтымағын нығайтып отырғандардың арасында кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер жетерлік.
Жақында Сайрам аудандық орталық кітапханасы жанынан құрылған «Жас толқын» әуесқой-қызығушылық клубының ұйымдастыруымен ақсукенттік сабын өндіруші Наталья Алексеевамен «Кәсібің –нәсібің» атты тақырыпта кәсіп-таймс өткізілді. Клубтың мақсаты ауданымыздағы әр салада еңбегімен, талантымен, табысымен көзге түсіп жүрген жастарды қолдау, олардың жұмысын кеңінен насихаттап, үлгі ету болып табылады.
Шара барысында сабын өндіру технологиясын терең игерген Н.Алексеева өзінің жеке және табиғи таза өнімдерінің әрқайсысына жеке тоқталып, олардың жасалу жолын, оған қосылатын қоспа жайлы әңгімелеп берді. Сақтау мерзімімен таныстырып, өнімді өндіру кезіндегі қауіпсіздік ережелеріне де ерекше назар аударды. Алдағы жаңа жұмыс жоспарларымен де бөлісіп, жастарды жігерлендіре түсті.
Кітапхана ұжымы Наталья Алексееваға жеке кәсібінің кең өріс алып, ауданымыздың беделді, мақтан тұтар тұлғасына айнала беруіне тілектес екендіктерін білдірді.
Жалпы Сайрам облыстағы ірі және халқының тығыздығы жағынан өте үлкен, әрі даму әлеуеті аса жоғары аудан болып табылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл көпұлтты аймақ. Аудан халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Ірі қара мал етін өндіріп сатуда республикамызды ғана емес, алыс-жақын шет елдерді де етпен қамтамасыз етіп отырған өңір.
Бірлігіне тірлігі сай өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуына Натальядай кәсіп бастап оны дөңгелетіп алып кетіп отырған кәсіпкерлердің қосар үлесі орасан зор.