Медиация тұрғындарды татулық пен ынтымаққа шақырады
Жалпы ел ішіндегі дау-жанжалды сотқа жеткізбей шешетін, тұрғындарды татулыққа шақыратын медиаторлар бұрын да болған. Бүгінде би-қазылардың орнын заманауи сот төрелігі институты, яғни, соттар басты. Түркістан облысына қарасты аудандар арасында өзге ұлт өкілдері жиі шоғырланған өңірлердің бірі Сайрам ауданы болып табылады. Сондықтан, мұнда медиация этникааралық дауларды шешуге белсенді түрде араласады.
Осыдан біраз уақыт бұрын Ассамблеяның кезекті сессиясында даулы мәселелерді сотқа дейінгі тәртіппен шешу үшін медиция Ассамблея қызметінің тағы бір бағыты ретінде белгіленді. Сөйтіп, медиаторлардың бұдан былай елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауға да белсенді түрде атсалыса алатындығы айтылды. Сонымен қатар, медиаторлар желісін дамыту мәселелері көтеріле бастады.
Жалпы медиацияның қызметін дамытуда Ассамблея орасан зор міндет атқарады. Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданды. Соған дейін бұл жүйенің жүйелі түрде дамымағанын айта кеткен жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бағыты ретінде белгіленгеннен кейін ғана мемлекетімізде медиацияға бетбұрыс жасала бастады. Ең алдымен медиаторлар соттардың жүктемесін азайтты. Елдің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз етуге үлкен ықпал етті. Ата-бабамыздың ежелгі билік ету дәстүрін бүгінгі заман талабына сай етіп өндеп, қоғамымызға қайта оралды. Мұның бәрі елімізде медиация қызметінің өміршең екендігін айғақтай түседі.
Қазіргі таңда елімізде дауласушы тараптарды сотқа жеткізбей, алдын-ала өзара татуластырып, бітімге келтіруші бейтарап медиаторлар арқылы дауды шешу мүмкіндігіөзекті болып отыр.Себебі, аталған институт соттарға түсіп отырған жүктемені азайтудың бір тетігі ретінде қарастырылып, процестік заңнамаларға да жеке тарау болып енгізілген.
Елімізде медиацияны ерекше дамытуға негіздер жоқ деуге келмейді әрине.Өйткені, дауласқандарды қара қылды қақ жара отырып татуластыру, дауды екі тарап та ризашылықпен қабылдайтын әділ шешу қасиеті халқымыздың генінде, қанында бар қасиет деуге толық негіз бар.
Бұған, қазақтың байтақ сахарасында мыңдаған жылдардан бері халықпен біте қайнасып келе жатқан билер, қазылар, ақсақалдар кеңесі және т.б. секілді жеріміздің тұтастығын сақтап, елді бірлікте, ынтымақта ұстап келген ұлттық институттар дәлел һәм айғақ.
Сондықтан, жоғарыда аталғандай түйін жасауымыз заңды әрі қисынды.
Бір жағынан медиация сот процесімен салыстырғанда уақыт және қаражатты үнемдеу жағынан да тиімді. Әлбетте, бұған келіспеуге болмайтын шығар.Мәселен, жақын арада аудандық сотта, талап қоюшы Б.-ның жауапкер С.-тен жиырма бiр жасқа толғанға дейiн күтiп-бағу қаражатын өндiрутуралы талап қоюы бойынша азаматтық ісі қаралған.
Аталған соттың ұйғарымымен тараптардың арасында дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы мынадай шарттар бекітілген болатын. Яғни талап қоюшы Б. жауапкер С.-тен жиырма бір жасқа толғанға дейін күтіп-бағу қаражатын өндіру туралы талап қоюдан бас тартып, ал жауапкер С. талап қоюшы Б.-ға жиырма бір жасқа толғанға дейін оның пайдасына ай сайын он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент төлеуге міндеттенді.
Талап қоюшы Б.-ның жауапкер С.-тенжиырма бiр жасқа толғанға дейiн күтiп-бағу қаражатын өндiру туралы азаматтық істің өндірісін тоқтатуды талап етті.
Осылайша тараптардың арасындағы дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімі бекітілуіне байланысты, азаматтық іс бойынша іс жүргізу өндірісі тоқтатылған.
Медиацияның тағы бір ізгілігі – сот процесі нәтижесінде соттың шешімі шығып, ол тараптармен міндетті түрде орындалуға жатады.
Медиатор тараптарды ортақ мәмілеге келтіре алмаса, онда дауды сот арқылы шешу мүмкіндігі сақталатынын айта кеткен жөн.
Медиаторлардың жасайтын мәмілесі екі тараптың да ортақ келісімге келуіне негізделген. Бұл ретте, дауласушы тараптардың алдағы уақытта бір-біріне наразы емес, жылы қатынаста болуы жиі кездеседі.
Осы тұрғыдан алғанда, медиация институтының қоғамдық қатынастардың жақсаруына оң ықпалы аз емес. Әлемдік практикада ірі компаниялар тұтынушылармен арада пайда болған дау-дамай кезінде медиаторлардың көмегіне жиі жүгінеді.Өйткені, олар үшін алдағы уақытта тұтынушымен жылы қарым-қатынасты сақтап қалу өте маңызды.
Отбасылық жанжалдарды да медиациямен шешудің маңызы үлкен. Себебі, отбаслық дау-дамайға қатысты ең жиі кездесетін ажырасу фактілерінің алдын-алу немесе ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда арадағы балалардың тағдыры үшін екі тараптың арасында ортақ мәміленің, жақсы қатынастың болуы айрықша маңызға ие.
Кейінгі жылдары елімізде медиация институтын дамыту, сотқа дейінгі және соттағы татуластыру рәсімдерін жандандыру шаралары мемлекеттік деңгейде үлкен қолдауға ие және соңғы жылдары қарқынды түрде дамып келеді.Медиаторлардың көмегімен сотқа дейінгі татуласу фактілерінің жиі кездесуі осының бір дәлелі деуге болады.
Сондықтан, заңды, дәстүрді, психологияны жетік меңгерген медиаторлар шоғырын қалыптастырып, сандық қана емес сапалық тұрғыдан да осы саланы дамыту құқықтық саладағы басымдықтың бірі болып қала береді.Сондай-ақ, халықтың медиация институтына сенімін қалыптастыру үшінқоғамда бітімгершілікпен шешілген оң мысалдарды кең көлемде тарату, насихаттау және ағарту, ақпараттандыруды барынша белсенді түрде күшейткен ләзім.