Қазақтың ұлттық тағамдарын ұлты татар енемнен үйрендім

Түркістан облысына қарасты мен тұратын Сайрам ауданында 40-қа жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Барлығы ауылы аралас, қойы қоралас, тату тәтті өмір сүріп келеді. Алысқа бармай-ақ, мен бүгінгі әнгімемде енем туралы айтқым келеді. Енем, яғни апам Ғайша Кашкинбаева 1953 жылы қазанның 10-ында  Сайрам ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. Ұлты татар.

Марқұм қайнатам кезінде енемнің сыпайылығы мен биязылығына ғашық болғанын үнемі айтып отыратын. Екі ұл бір қыз тәрбиелеп өсірген енем шынында жақсы адам. Әр елдің салты басқа, аттары қара қасқа демекші, әр ұлттың ұстанымы да әрқалай. Десе де,  қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, сол елдің салт -дәстүрі мен тілін, ділін ұстану екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Қазаққа тұрмысқа шыққан енем үнемі атамның қас — қабағына қарап, келін болып түскен елін сыйлап өткен ізгі жан.

«Келін болып түскен алғашқы күні татар ұлтының»Токмач» деген ұлттық тамағын пісіріп, бұл біздің ұлттық тамағымыз»  дегенінде, қылжақбас қайнылары «Ақ жеңге-ау  оны несіне» Токмач» деп әспеттейсіз? Бұл  біздің күнделікті ішіп жүрген кәдімгі кеспе көжеміз ғой!  Бізге ет асып беріңіз» деп айтқан екен. Содан енем енесінің қақтап қойған еті мен қазысын қазанға салып ет  асып бере беріпті. «Екі күннің бірінде ет аса беріп, соңында ет асудың шебері атанып алдым» дейді  апам. Иә,  апам шынында да етті керемет асады. Қазақтың салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын жетік біледі.

Енем биязылығымен, адамға деген ыстық ілтипатымен мені өзіне тез баурап алды. Енемнің мектебі маған үлкен тәрбие берді. Өзінен үлкенге де, кішіге де, тіпті келіндері мен немерелеріне дейін «Сіз» деп сөйлейтін енеме қарап, менің мінезім де өзгерді. Енем маған сабырлы, төзімді болуды үйретті. Өзі үнемі атамның жағдайын жасап, ауырса басында отырып қарап, атамның өмірінің соңына дейін нағыз досы да, сырласы әрі жанашыры бола білді. Үнемі балалары мен немерелерінің қамын жеп, бәйек болып жүргені. Ет асқан күні бізді қонаққа шақырады. Тәтті тамақ тамағынан өтпей, немерелерімен, бізбен шүйіркелесіп отырып жегенді жақсы көреді. Сіз аман болыңызшы апа!

Енем, яғни апам бүгінде 9 немере тәрбиелеп отырған ізгі жан. Деніңіз сау, басыңыз аман болып, шөбере, шөпшек сүйіңізші жан апам.

С.АБЫЛБЕКОВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *