Әбдірахым ақынның кітабы қазақ тіліне аударылды
Қазақтың көрнекті ақыны Исраил Сапарбай Сайрам ауданында тұратын ақын Әбдірахым Пратовтың кітабын «Бір тал гүл» деген атпен қазақ тіліне аударып беріпті. Оқырманға алдымен осынау көңілге бір қуаныш сыйлайтын жаңалықты жеткізгіміз келді. Содан мақаламызды осы жылт еткен жылы жаңалықтан бастадық.
Жалпы Сайрам ауданы этникалық жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда бүгінде қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Біз ауданда тұратын 40-қа жуық ұлт пен ұлыстың ынтымақта өмір сүріп жатқандарын қашан да мақтан етеміз. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір тұрғындар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды. Татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес. Әрқашан да бір-бірімен берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт еліміздің берекесін айрандай ұйытып отыр. Мұның бәрі әрине мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сарабдал саясаттың жемісі екенін білдіреді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, еліміздегі өзге ұлт өкілдері түрлі салаларда еңбек етіп келеді. Бірі огроном, екіншісі машинист, үшіншісі экономист… тізбек осылай жалғасып кете береді. Олардың бәрі де Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, дамуына өз үлестерін қосуда. Сондай жандардың арасында шығармашылықпен шұғылдануға жаны құмар жазушы, ақын да бар. Солардың бірі – Сайрам ауданының тұрғыны Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ақын-жазушы Пратов Әбдірахым Әбдирашидұлы.
Әбдірахым Пратов 1955 жылы дүниеге келген. Ол мектепті бітіргеннен кейін Түркістан қаласындағы Түркістан индустриалды педагогикалық институтына оқуға түсіп, ауыл шаруашылығы мамандығын алып шығады. Қолына дипломын алған жас маман Сайрам ауылындағы қазіргі ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын колледжде алғашқы еңбек жолын бастайды. Одан кейін Сайрам ауданында орналасқан медицина орталығында инженер болып жұмыс істейді. Қазіргі Түркістан облыстық жылу ұзату, энергия мекемесі Сайрам аудандық филиалында басшылық қызмет атқарады. Осы жауапты қызметтерді атқара жүріп Әбдірахым Пратов Ташкент қаласындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жастайынан өлең-жырға әуес болып өскен Әбдірахым Пратов 2003 жылы балаларға арналған «Бәйшешек»(кәмәлак),«Адабиат ва ассон» газеттерін ашып, редакторлық етеді. Бүгінде ол «Адабиат санати» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Газетте қазақ халқының тарихы мен қазақ ақын-жазушыларының шығармалары туралы үздіксіз жарияланып тұрады.
Әбдірахым Пратовтың авторлық екі кітабы жарық көрген. Өзге ұлт өкілдері арасында, әсіресе, ақын-жазуылар арасында достық, шығармашылық байланыс о бастан жақсы болған. Сонау замандарда орыс ақыны Лермантов пен Крылов, Пушкиндердің өлеңдерін қазақ тіліне аударма жасаған Ұлы ақын Абай Құнанбаев олардың қазақ тілді оқырмандарын қалыптастыра білді. Айтайын дегеніміз, бүгінде сол кісілердің ізін жалғап өзге ұлт өкілдерінің ақын-жазушыларының өлеңдерін қазақ тіліне аударып жүрген ақындарымыз арамызда баршылық.
Осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласында өткен ақын-жазушылардың шығармашылық бас қосуында кейіпкеріміз Пратов Әбдірахым қазақ халқының ақиық ақыны Исраил Сапарбаймен дәмдес болып, сол жерде өзінің өзбек тілінде жарық көрген жыр жинағын тарту етеді. Көп ұзамай Исраил Сапарбай Әбдірахым ағамыздың кітабын » Бір тал гүл» деген атаумен қазақ тіліне аударғанын айтып, ерекше қуантыпты. Кітаптың алғы сөзінде Исраил Сапарбай ағамыз:
«Әбдірахымды біраз жылдан бері білсем де, ақын ретінде анық-қанық тани алмаған екенмін. Осы жуырда ғана өзімізде шығатын «Әлем әдебиеті» журналының Өзбекстанға арналған тұтас номерін әзірлеу үстінде алғашқы жыр жинағын ақтаруға тура келді. Барынша қарапайым, кішіпейіл, биязы Һәм бипаз жігіт ағасының ойлы да ожданды, тұнық та мөлдір жырлары менің оған деген ағалық ықылас-ілтипатымды одан сайын арттыра түсті. Әлгі журналға бес-алты өлеңдерін енгізуді аз көргендей, қолымдағы кітабын аударып, қазақ оқырмандарымен қауыштырсам дегенойға берік бекіндім. Мұның қаншалықты және қай дәрежеде жүзеге асқанын көзі қарақты оқырман оқып біле жатар.
Мені сүйсіндіргені — Әбдірахымның Шығыс шайырларынша қысқа жіппен көп ойды күрмей алатын алғыр да білгірлігі» деп пікір қалдырған екен.
Сайрам ауданында бүгінде Сайрам ауданында тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олардың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Соларың бірі біздің кейіпкеріміз, бүгінде қазақ тілді аудиториясын да қалыптастырып үлгерген ақын Әбдірахым Пратов.
Әбдірахым ағаға шығармашылық табыс тілейміз! Жазарыңыз таусылмасын аға! Екі елдің бірлігі мен ынтымағын нығайту жолында аянбай еңбек ете беріңіз!