Еңбегі жанған арулар
Түркістан облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының құрамында сан саланың нәзік жанды ханымдары бар. Бүгінде олардың саны 60-қа жуықтады. Қыз-келіншектермен айына бір рет мәжіліс өткізіледі. Осы мақсатта жылдың басында мәжіліс өтіп, қауымдастық мүшелерімен бірге Астанадағы «Акбар» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Раушан Қалисаттарқызымен кездесу өтті.
Мастермайнд жобасы бойынша өзінің қатарластарына кәсібінің даму жолын түсіндіріп, кездесу өткізгендердің бірі – «Жас қанат» мүшесі – Гүлмарал Әбу. Бүгінде жеке кәсіпкер. Ол жартылай фабрикатталған өнімдер шығарумен айналысады.
Жыл сайын өтетін Республикалық «Қайырымдылық керуені V» байқауы аясында Түркістан облысынан ерікті Әсел Бимырзаева қатысып, «Армандар орындалалды» жобасы бойынша «Мейірім жолында» номинациясын иеленді. Ол Астана қаласында өткен салтанатты жиында марапатталды. Сондай-ақ осы байқауға өтінім жіберген 23 үміткердің Алғыс хаттарын табыстау бойынша Түркістан қаласы әкімдігінде мәжіліс ұйымдастырылып, үміткерлер марапатталды.
«Жас қанат» көшбасшысы Динара Қалыбекованың бастамасымен Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу мақсатында қаланың тазалық жұмыстарымен айналысатын әйел-аналарды құттықтап, тосынсый ретінде сыйлықтар үлестірді.
Жас қанаттың мүшесі Асылзат Әбілашқызы мастермайнд жобасының нәтижесінде Түркістандағы ірі сауда үйі «Ханшайым Плаза» кешенінен «Аsyl home» атты қыз жасауын сататын әмбебап дүкен ашты.
Қазіргі таңда қауымдастық құрамындағы мүшелер әрқайсы өзіне жақын бағыт бойынша жұмыстар атқаруда. Соның бірі – Мөлдір Маратқызы. Бүгінде Y-Perr жобасы бойынша мектептерді аралап, көшбасшылық қабілеті бар жастармен бірнеше тренинг өткізуде.