Жетісай қарбыздары Ресейге экспортталып жатыр
Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде 6 гектар жерге пленка астында, 5 гектар жерге пленкасыз қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен Олжас Есботаев өнімін Ресейге саудалап жатыр.
Диханшылықты кәсіп еткен шаруа сәуір айында егіншілігін бастап, қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде піскен қарбыздың шамамен 300 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарланып отыр.
— Биыл климат диқаншылыққа қолайсыз болғанымен тәуекел жасап, жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. 6 гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқаптың әр гектарына шамамен 1 млн теңгеден шығын кетті. Әйтсе де, ауа райы қарасып, бүгін өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады, — деді Олжас Есботаев.
Жетісай ауданында шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шиті, 19,6 мың гектарына — бақша, 5 мың гектарға — дәндік жүгері, 2,9 мың гектарға – көкөністер, 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.
— Қазіргі таңда ауданда жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз, 12,5 мың тоннасы қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр, — дейдә Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.
Маманның айтуынша, бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларусия мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалары мен өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі.
Нарықтағы қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында 1 килограмына 90 теңгеден болса, қазір 70-80 теңге аралығында сатылып жатыр.