Алимент өтеу – балалардың құқықтарын қорғау

Мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі  —  ана мен баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Әрине, Ата заңда көрсетілгендей мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және оның өмірі. Бұл нақты орындалуы тиіс  құндылық. «Отан отбасынан басталады». Қар­­ға тамырлы халқымыз қашанда отба­сы­лық құндылықтарды жоғары қойып, құрмет тұтқан. Ер-азамат – отбасының тірегі, қор­ғау­­шысы, басты тұлғасы, әйел-ана – шаңырақ­тың ұйытқысы, берекесі, ал бала… «Бала бауыр етің» дегенді ең басты қағида етіп, сол баланың алаңсыз балалық шағы, бақытты тағдыры үшін барымызды аямайтын қазақтың ұрпағы емеспіз бе?!

Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттеуде  – Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексін, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін, «Бала құқықтары туралы» Заңын басшылыққа алады. Аталған нормативтік құқықтық актілерде балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары қарастырылған. Бұл заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек тараулар арналған.

Аналардың құқықтарын қорғау басты орында. Еліміздегі гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, құқықтық және медициналық көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары іске асырылуда.

Отбасында баланың өміріне ең бірінші жауапты тұлға – әке мен ана, кез келген ата-ана өмірге әкелген баланың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігіне тікелей жауапты екені анық.

Алайда, неке бұзылған жағдайда, ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті және ерлі-зайыптылардың біреуі бұрынғы жұбайынан алименттер өндіріп алуға талап қою арызымен сотқа жүгінуге болады. Бүгінгі күні кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты, жекелеген жағдайларды қоспағанда, ешқандай тарап алимент төлеу жөніндегі міндеттерден босатылмайтыны туралы айтылған.

Осы ретте, айта кетейік, алименттен жалтару, өз баласына тиесілі ақшаны төлеуден бас тарту жағдайлары орын алатыны өкінішті. Иә, бала дүниеге келгеннен, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап үлкен өмірге аяқ басқанша әр қадамына, іс-әрекетіне, тыныш ұйқысына, материалдық жағдайына ата-ана бірдей жауапты екенін қайталап айтудың өзі артық. Алайда кейбір әкелер оны түсінбей, «дәм-тұзымыз жараспады» деп қоя салып, кейде бар жауапкершілікті бір әйелдің мойнына артып қоя салатын жағдайлар жиі кездеседі. Ондай жағдайда не істеуге болады? Ал адамгершіліктен ада, азамат деп айтуға аузың мүлдем бармайтын сол әкені тәрбиелеген әке-шеше, яғни ата-әженің парызы, немереге деген мейірімі туралы не айтуға болады?

Мұны айтуыма досымның басындағы жағдай себеп болды. Менің де досым әлемдегі атаулы сұлу әйел секілді бақытты болуға лайық жан еді. Бірақ тағдыр олай болуды жазбады. Күйдім-сүйдім деп уәде беріп алған қосағына жақпағаны былай тұрсын, қолын жылы суға малып, аялап қараған ата-енесіне де «отырса – опақ, тұрса – сопақ» болды. Бітпейтін ұрыс-жанжалдан қажып, «болмағанға болыспайын» деп ақыры тәй-тәй басқан кішкентай ғана екі қызын алып кетіп тынды.

Алғашында ештеңе де оңай болған жоқ. Болысатын бауыр да болмады, атадан жалғыз, қарт ата-ана, кішкентай балалар, ауыртпалықтың қамыты бір өзінің мойнына артылды. Қиындығы мол жылдардың қақпасы қақ айырылып ашылғандай болды. Алименттен қайыр болмады. Итке сүйек тастағандай, енесі әр есікті сығалап жүріп «балам науқас, өзіміз қауқарсызбыз» дей жүріп ең төменгі мөлшерде төлейтіндей етіп дайындайды. Тіпті кейде мөлшерден тыс асып кетті деп, сол немерелеріне «артық кеткен ақшаның» өтелуін күтіп, ара-сырада төлемей қоятын кездері болады. Онысымен қоймай, күйеуі үйіне келіп қаншама мазасын алып, қуанышпен емес, алысумен өткен жапырақ ғұмырдың тауқыметіне қынжыласың. Жалғыз басты ана амалсыз алиментке қарап отырсын ба, жұмыс істеп, күндіз-түні көз ілмей балаларын жеткізуді ойлады. Аллаға шүкір, қыздар аналарына жанашыр, оқуда озат болып, жоғары оқу орнына өз күштерімен грантқа түсті.

Ал алимент төлеуден бас тартып, қажет болса «қауқарсыз» бола қалатын, жауапсыз ұл тәрбиелеген ата-әже өз араларында әжептеурім абыройлы, білім ошағында қызмет ететін кісілер. Жауапкершіліктен қашып, өз немерелерін несібесінен қаққан, балаларының тағдырына бей-жай қарайтын жандар осындай отбасыдан екеніне кім сенеді? Сөйте тұра біз немерелерімізге қараймыз, барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етеміз деп кеудесін қағады. Бірақ бірде-бір рет маңдайынан сипамаған. Ол аздай, ол кісілер зейнетке шыққаннан кейін тұрған үйлерін сатып Астанаға көшеді. Үйлерін сатып, бауыр етінен жаралған немерелеріне «енді көреміз бе, көрмейміз бе, бізден кеткен қате болса кешіріңдер, сендер де осы үйде дүниеге келдіңдер ғой, міне, оқуларыңа қажет болар деп титтей үлесін берместен, қайыр-қош деместен, маңдайынан бір иіскеп, өткен өмірге өкінішін білдірместен» үнсіз Астағана кетіп қалады. Астанаға қоныстанады да, сол айдан бастап алиментті күрт тоқтатады! Арқасынан іздеп барған сот орындаушысына алимент төлеуден бас тартамыз деп қаулыға қол қояды! Оның неліктен күрт тоқтағанын, студентке тиесілі алименттің белгілі жасқа жетпей, қалаған уақытта тоқтай салғанын, бір мемлекетте тұрып олай болу мүмкін бе, заңның соншалықты осал болғаны ма деген сұрақтармен басы қатып, тағы бір топ құжаттарын құшақтап, тиісті органдарға жүгінуді бастаған досымның ендігі жайы алаңдатады.

Баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады емес пе? Кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы болса, ана мен баланы қорғау мәселесі созбалаңға салынбай аталған отбасының мәселесі алдағы уақытта тезірек шешімін тапса екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *