Екі өмірге жауап беретін мамандықтың иесі
Екі өмірге жауап беретін мамандық деп бекерге тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Аяғы ауыр әйелді аман-есен босандырып, нәрестесін қолына ұстату – барша акушер-гинекологтер үшін маңызды да жауапты міндет. Ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген ақ халатты жанның бірі Гүлмира Әбдешова. Шардара аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Гүлмира Әбдешова осы бір қиын салаға кездейсоқ келген жоқ. Тіпті бала кезінен акушер болуды армандап, мектеп оқушысы кезінде-ақ перзентханада босанып жатқан әйелдердің басы-қасында жүрді десек біреу сенер, біреу сенбес. Иә, тұлымшағы желбіреген қағылез қыз әйел-аналардың өмірге адамды қалай әкелетіндерін, оларға дәрігерлердің қалай көмектесіп жатқан жанкешті тірліктерін өз көзімен көріп өсті. Гүлмираның жастайынан ақ халаттылардың арасында жүруі – әкесі мен анасының бірдей дәрігерлік қызмет атқаруында еді. Әкесі Жұмахан – Отырар ауданына есімі белгілі дәрігер-хирург еді де, анасы Ханшайым – акушер-гинеколог болатын. Аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет істейтін Жұмекең қызының түбінде дәрігер болып шығатынын білді. Білген соң да оны қасынан тастамай, медицинаның қыр-сырына ерте бастан-ақ баулыды. Қызының басқа саланы емес, адамның жүрегін емдейтін маман болуын қалаған әкесі оны апарып кардиологтардың кабинетіне кіргізіп жіберетін. «Осы аға-апаларыңнан үйрене бер» деген әке сөзіне «мақұл» деп жауап беретін Гүлмира әкесінің көзін ала бере перзентханаға тартып отыратын.
Дәрігер болсам деген арман ақырында Гүлмираны Алматы Мемлекеттік Медициналық институттан бір-ақ шығарды. 1982 жылы осынау білім ордасына оқуға түсіп, 1988 жылы акушер-гинеколог мамандығын иеленіп шықты. Интернатурадан облыстық перзентханада өтті.
Шәуілдірдің бойжеткеніне тағдыр Шардараға келін болуды жазған екен. Дәулет есімді жігітпен көңіл жарастырып, ауданның құрылысына еңбегі сіңген азаматтың бірі Серікбай Асановтың отбасына келін болып түсті. 1989 жылдан бастап аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде табан аудармай қызмет етіп келеді.
-Мен мұнда келген 15-ші акушер-гинеколог екенмін. Бас дәрігеріміз Кеңес Әбуов ота жасау жөнінде көп нәрсе үйретті. Ауданның тұңғыш акушер-гинекологы Райхан Әбдірахманова, Назым Жәденова, Сапар Төлепов сынды азаматтармен бірге еңбек еттім. Біздің ауданда қай уақытта да акушер-гинеколог мамандығына сұраныс жоғары. Қазір де сондай, осы салада маман тапшы. Бүгінгі таңда гинекология бөлімінің меңгерушісі Ардақ Әлменова, бұрыннан жұмыс істеп жүрген Бақыт Тілешева, Айжан Халикова,жаңадан келген екі маман Айжарқын Қалықұлова, Раушан Мәнсұр есімді акушер-гинекологтар тыным алмастан еңбек етіп келе жатыр. Акушерлер үшін демалыс, мереке деген күндер болмайды, — дейді Гүлмира Жұмаханқызы.
Былтырғы жылы перзентхана бөлімінде 1237 сәбидің кіндігі аман-есен кесілсе, биылғы жылдың алғашқы бес айында 500-дей шақалақ дүние есігін ашыпты. Акушер-гинеколог мамандардың бүгінгі таңда алға қойып отырған басты мақсаттары – жүкті әйелдерді І деңгейлі дәрежеге дайындап, өз күштерімен босанатын жағдайға жеткізу. Ол үшін мамандар күнделікті дерлік жұмыс жүргізіп келеді. Ал, ІІ, ІІІ деңгейлі жүкті әйелдерге көп балалылар, қаны аз, немесе, іштегі баланың ақауы бар әйелдер жатқызылады да, оларды облыс орталығына жберуге мәжбүр болады.
-Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында мемлекетімізде барлық жағдайлар жасалынып келеді. Әйел жүкті болғаннан бастап, есепке алынып, дәрігерлердің қарауында болады. Егер барлық жүкті келіншектер дәрігердің нұсқауларын мүлтіксіз орындап, ақыл-кеңесін дер кезінде пайдаланып отырса сәбиін аман-есен, оңай босанар еді, — дейді Гүлмира Әбдешова.
Адам жанының арашашысы болып жүрген Әзірет Ерназаров, Пазылхан Мыңбаев, Мұхаббат Сымайылова, Таня Ким, Нұрғали Молдаханов, Қайрат Әзтаев, Сапарғали Әбілдаев секілді әріптестерінің есімдерін құрметпен атаған Гүлмира Жұмаханқызы олардың еңбектеріне жеміс тілейтіндерін жеткізуімізді сұрады.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ