«Түске дейін үй тірлігімен айналысса, түс қайта қолға алған кәсіптеріне көңіл бөледі»

Жұмағұлова Назым Сарыағаш ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы және «Нұр Мереке» бөбекжай балабақшасының құрылтайшысы.  Айта кетейік, ауданда іскер әйелдер кеңесінің жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында кеңес тарапынан аудандағы кәсіп бастауды мақсат еткен қыз-келіншектерге кеңес беріліп, қолдау көрсетіліп келеді. Орайы келгенде Назым Ақылбекқызымен танысып, сұхбаттасқан едік.

— Назым ханым, әңгімемізді іскер әйелдер кеңесінің құрылудағы мақсаты мен міндетінен бастасақ.

—  Іскер әйелдер кеңесі елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылған. Кеңестің міндеті елімізде әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.

Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы екенін де айта кетейік.

 — Аудандағы іскер әйелдер қандай кәсіп түрімен айналысады?

 — Аудандық іскер әйелдер кеңесіне мүше қыз-келіншектердің басым көпшілігі мектепке дейінгі ұйымдардың құрылтайшылары. Олар екі-үш балабақшалары бар. Менің мамандығым – фельшер. Өзім Тараз қаласының тумасымын. Мектепті бітіргеннен кейін медициналық колледжде оқыдым. Қолыма диплом алғаннан кейін Сарыағаштағы шипажайға жұмысқа орналаста, сонда 40 жыл жұмыс істедім. Кейіннен денсаулығыма байланысты мүгедектік санатқа шықтым. Сонда да қарап отырмайын деп, кәсіппен айналыса бастадым. Қазір 10 жылдай уақыт болды, балабақшамды жүргізіп келемін. Кәсіп ашып, табыс тапқысы келетін қыз-келіншектерге өзімнің ақыл-кеңесімді айтып, бағыт-бағдар көрсетіп отырамын. Аудандағы іскер әйелдер кәсіппен айналысып, мемлекетке салық төлеп отыр. Сонымен қатар, олар қайырымдылық шараларға да белсенді түрде атсалысып келеді.

— Назым ханым өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…

 — Менің бір ұл, бір қызым бар. Осы перзенттерімнен 7 немере сүйіп отырған аяулы әжемін. Ұзақ жылдық дәрігерлік еңбегім мен іскер әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде алған бас-аяғы жиырмаға жуық марапатым бар. Былтыр ғана «Алтын жұлдыз» төсбелгісінің иегері болдым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту туралы айтқан болатын. Бүгінде бала тәрбиесімен үйде отырса да, қоғамнан шеттеп қалмай, өзінің іскерлігі мен ептілігінің арқасында кәсіпкерлікпен айналысып, өз бизнесін дөңгелетіп отырған аналар қатары аз емес. Тіпті, олар қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүріп,  белсенділік танытып келеді. Мемлекет тарапынан да қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, кәсіпке икемі барларына қолдау көрсетіліп келеді. Түркістан облысында іскер әйелдер көптеп саналады. Оның үстіне, бала туу көрсеткіші бойынша да біздің облыс республикада көш бастап тұр. Бұл дегеніміз біздің нәзікжанды замандастарымыз өздерінің негізгі міндеті – ана болу бақыты бойынша да мақтана алады.

Айтса айтқандай, бүгінде нәзікжанды қыз-келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ. Түске дейін үй тірлігімен айналысса, түс қайта қолға алған кәсіптеріне көңіл бөліп, арасында қоғамдық жұмыстарға да араласып жүретін іскер әйелдерді әр өңірден кездестіруге болады. Біз олармен әрқашан мақтана аламыз.

— Әңгімеңізге көп рахмет! Өзіңіз айтпақшы, әрі көпбалалы әрі іске келгенде белсенді аналарымыз көп болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *