Арыс қаласында инфрақұрылым мен өңірлік өндірістің дамуы жаңа белеске көтерілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында еліміздің әр өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын көтеру мәселелері басты назарда тұр. Түркістан облысы, оның ішінде Арыс қаласы бұл тапсырмаларды ұстанып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың алғашқы төрт айында Арыс қаласының өңірлік өнім көлемі 13,9 миллиард теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі де өсу үстінде: өткен жылы 10,3 млрд теңгені құраса, биылғы жылдың төрт айында 4,4 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлетін Жолдауларының тікелей нәтижесі.

Қаладағы инфрақұрылымдық өзгерістер де ерекше назарға лайық. Былтыр екі ескі жылу қазандығын жаңарту мақсатында модульдік қазандық құрылысы сәтті аяқталып, бүгінгі таңда Арыстағы барлық жылу қазандықтары табиғи газбен қамтамасыз етілуде. Бұл – экологиялық тұрғыдан таза энергия көздеріне көшу, сонымен қатар тұрғындарға тұрақты және сапалы жылу беру міндетін тиімді шешу жолындағы үлкен қадам.Сондай-ақ, электр желілерін жаңарту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендеріндегі ескірген электр желілері толықтай жаңартылып, жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын желілердің сапасы артты. Бұл жобалар тұрғындарды сенімді әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуді көздейді. Мұндай инфрақұрылымдық жаңғырту – Президент Жолдауында айтылған «тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және қалаларды жайлы ету» міндеттеріне сай келеді.

Қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылады, ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, тұрғындардың санитарлық жағдайын жақсарту үшін қала ішінде 10 жаңа қоқыс алаңы орнатылмақ. Бұл шаралар жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының халықпен тығыз жұмыс істеуінің және Парламент пен Үкіметтің экологиялық және санитарлық ахуалды жақсартуға бағытталған бағдарламаларының айқын көрінісі.

Түркістан облысының дамуындағы осындай оң үрдістер Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының нәтижесі болып табылады. Парламент пен Үкіметтің қабылдаған заңдары мен бағдарламалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашты.

Осылайша, Арыс қаласында жүзеге асып жатқан өндірістік және инфрақұрылымдық жобалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, экономиканың тұрақты өсуіне және экологиялық таза орта құруға бағытталған Мемлекет басшысының және Үкіметтің стратегиялық міндеттерін орындауда маңызды рөл атқарып отыр. Арыс қаласындағы бұл жұмыстар — Мемлекет басшысының халықтың өмір сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын, Парламент пен Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан игі істердің көрінісі. Түркістан облысында осындай жобалар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *