Хантағыда көпқабатты тұрғын үйлер жаңғыртылуда

Елімізде тұрғын үй қорын жаңғырту – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік саясаттың бірі. Әсіресе, ауылдық елді мекендердегі көпқабатты үйлерді қайта жаңарту – тек инфрақұрылымдық ахуалды жақсарту ғана емес, елді мекендердің келешегіне салынған инвестиция іспеттес. Бұл ретте Кентау қаласына қарасты ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі сипатқа ие болып отыр. Соның жарқын бір мысалы – Хантағы ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу жобасы.

Қазіргі уақытта аталмыш ауылда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Ильич көшесі №2 мекенжайындағы тұрғын үйде кешенді жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңғырту бағдарламасы аясында бұл нысанда үйдің сыртқы қасбеті мен шатыры жаңартылып, жылу, су, электр жүйелері секілді инженерлік инфрақұрылым толықтай қайта қалпына келтірілмек. Сонымен қатар, жалпы пайдаланылатын ортақ аумақтар – подъезд, баспалдақ, дәліздер де жаңартылатын болады. Бүгінде әрлеу және сырлау жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Мұндай ауқымды жобалар, біріншіден, ауыл тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталса, екіншіден, тұрғын үй қорын сақтап қалу мен ұзақ мерзімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі үшін тұрғындар мен мердігер мекеме өкілдері арасында тұрақты кері байланыс орнаған. Жоба іске асырылар алдында үй иелерінің келісімі алынған, ал жөндеу кезінде әрбір тұрғынның пікірі назардан тыс қалмауда.

Айта кету керек, Кентау қаласы бойынша барлығы 383 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Соның 345-і қала маңындағы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бүгінгі күнге дейін олардың 288-і толықтай жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жүйелі саясат пен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі екендігін көрсетеді.

Хантағы ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың зор қолдауына ие болуда. Себебі бұл тек бір үйдің емес, тұтас ауылдың келбетін жаңғыртуға бағытталған. Ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар мұндай игілікті бастамалар елді мекеннің келешегіне сенімділік ұялататынын айтып, алғыстарын жеткізуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *