«Бұл кезең бізді еңбекпен ғана өсуге үйретті»
Бектибаева Шолпан Калдарбекқызы Жетісай ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы және «Орал Байтерек-Z» бөбекжай балабақшасының құрылтайшы. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Түркістан облысында жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер – әйел кәсіпкерлер болып табылады. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» осыдан бірнеше жыл бұрын өңірімізде құрылған болатын. Кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу мақсатында бүгінде аудан мен қалаларда да іскер әйелдер кеңесі жұмыс істеуде. Орайы келгенде Жетісай ауданындағы іскер әйелдер кеңесінің жұмысы жайлы Бектибаева Шолпан Калдарбекқызынан сұраған едік.
— Шолпан Қалдарбекқызы аудандық іскер әйелдер кеңесі қашан құрылды?
— Жетісай ауданында іскер әйелдер кеңесі 2018 жылы құрылды. Мен аталмыш кеңеске облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Мамедованың тағайындауымен 2021 жылдан бастап төрайымдық етіп келемін. Бүгінде біздің кеңес құрамында 20-дан астам кәсіпкер әйел мүшелікке енген. Олардың көпшілігі мектепке дейін ұйымдарға құрылтайшылық етеді. Өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған, елгі үлгі ететіндей азаматшалар.
Біз, яғни Жетісай аудандық іскер әйелдер кеңесінің өкілдері өңіріміздегі кәсіп бастап, табыс табамын деген қыз-келіншектер мен кәсіптерінде қиындық туындаған әйелдерге барынша қолдау білдіреміз. Біздің негізгі міндетіміз осы. Толығырақ айтар болсам, аудандық білім бөлімі басшыларымен, білім бөлімі есепшілерімен, санитарлық-эпидемологиялық сала мамандарымен, сәулетшілермен, жер бөліміне қарасты мекеме қызметкерлерімен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарымен кездесулер ұйымдастырып, кәсіпкерлерге кеңес береміз. Туындаған мәселелерге дер кезінде шешуге ықпал етеміз.
— Іскер әйелдер кеңесінің міндеті жайлы сөз қозғадыңыз ғой. Осыны толықтыра кетіңізші.
— Жалпы іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылған. Кеңестің міндеті жоғарыда айтып өткеніміздей, әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту; Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру; Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру; Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау; Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу; Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу; Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру; Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу; Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру; Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.
Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға; бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға; өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.
— Білуімізше, өзіңіз де аудандағы белді кәсіпкерлердің бірісіз. Кәсіпке қалай келдіңіз сол туралы да айтыңызшы…
— Менің негізі мамандығым – экономист. Біздің жастық шағымыз тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі тоқырау кезеңіне тура келді. Ол уақытта өздеріңіз де білесіздер жұрт табылған жұмысты істеп, қалайда отбасын асыру керек болды. Көпшілік айлықсыз қалғандықтан өздерінің сүйікті жұмыс орындарын тастап, басқа салаларды меңгеруге бет алды. Сауда-саттыұпен айналысты. Кім қолынан не келеді, соны жасады.
Былай қарағанда, бұл кезең бізге еңбекпен ғана өсуге болатынын үйретті. Еңбектенген адамның ғана қоғамда мерейі өсетінін ұқтық. Оған көзіміз де жетті. Мен «экономист мамандығын меңгеріп келгенмін» деп отырғаным жоқ. Сылақшы болып жұмыс істедім. Еңбек жолымды осылай бастадым. Алғашқы еңбекақымды осылай таптым. Сосын Жетісайда аудандық универмагта сатушының көмекшісі болып жұмыс істедім. Көп ұзамай 1993 жылы ревизор болдым.
1997 жылы өз алдыма шаруа қожалығын ашып, 20 жылдай ауылшаруашылығымен айналыстым. Егістікте күріш, мақта егтік. Кейіннен тұрмыс құрып, балаларымды балабақшаға барғанда, балабақшаға деген сұраныстың жоғары екенін білдім. Сонда маған алғаш рет балабақша ашу туралы ой келді. Әрине, бәрі бірден бола қоймасы анық қой. Бұл 2000 жылдар еді. Алдымен «Майра» балабақшасында шаруа меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұл салаға мені төбеден түсе салды демеңіз. Менің екінші мамандығым – педагогика және психология. Қарағандыдағы Букетов атындағы университетте, Сырдария университетінде педагогика және психология кафедрасында да қызмет атқарғанмын.
Өзім Жетісай ауданында туып-өскенмін. Жолдасым заң саласында жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметкер. Екеуміз өмірге 3 ұл мен 1 қызды әкеліп, перзенттерімізден көрген тәп-тәтті 7 немеренің ата-әжесіміз. Үлкен ұлым да заң саласында қызмет атқаруда. Келінім де заң саласын бітіріп, мамандығы бойынша жұмыс істеуде. Қызым шет тілінің маманы. Ортаңшы ұлым дәрігер. Кенжем де заң саласын таңдады. Қазір ол 2 курс студенті.
Менің анам бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан. 35 жылдай ұстаздық еткен кісі. 2017 жылы Мақталы ауылында ардақты анамның құрметіне орай балабақша аштым. Бүгінде бұл балабақша ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Жетісай ауданы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының куратор қызметін атқардым. Астана қаласында да мектепке дейінгі ұйыммен жұмыс жасап 2022-20224 «Мэри Поппинс» балабақшасымен жұмыс жасап келдім. Қазіргі таңда Жетісай қаласында “Дарынды ұрпақ“ Орал Байтерек “ балабақшасының құрылтайшысымын.
Одан бөлек “Шолпан“ деп аталатын шаруа қожалығым да бар. Ферма ашып, сүт өнімдерінен құрт өндірудеміз. 2022 жылы Жетісай ауданында «Мейірімділік қоры» ашылған болатын. Соған да басшылық жасап, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға көмек берудеміз. Аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қайырымдылық шараларға да белсенді түрде атсалысады. Мектепке жол акциясына қатысып, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды мектепке дайындауға атсалысуда.
— Ізіңізден ерген кәсіпкер қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
— Ізімнен ерген кәсіпкер қыз-келіншектерге еш нәрседен қорықпай, ерінбей, жалықпай еңбек етіп, алға қарай ұмтылу керек екенін жиі айтып отырамын. Кәсіптің жаманы жоқ. Қай кәсіпті бастаймын десе де ниеттеніп, адал жолмен еңбек ету керек. Қиындық пен қуаныш қатар жүреді. Сондықтан, кездескен қиындықтарға мойымай, тығырықтан шығатын жолды тауып, еңбек ету керек.
— Әңгімеңізге көп рахмет!