Саналы ғұмырын әлеуметтік салаға арнаған

Шардара ауданы бойынша қазіргі таңда 170-тен астам мемлекеттік қызметші қала мен ауылдық округтерде еңбек етіп келеді. Олардың ішінде жұмыс тәжірибесі мол, ұзақ жылдар бойы бір салада табан аудармай еңбек етіп, мемлекеттік қызметте ысылған, өңірдің өсіп-өркендеуіне қал-қадерінше өз үлестерін қосып келе жатқан азаматтар көптеп саналады. Оның бірі 33 жылдан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жемісті еңбек етіп келе жатқан Бибіажар Есбосынова.

Қарағанды Мемлекеттік Университетінің заң факультетін ойдағыдай аяқтап, туған жерге оралғанда 1989 жыл еді. Келесі жылы, яғни 1990 жылы аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Қыстау Ілесовтің бұйрығымен осы мекемеге қызметке қабылданды. Міне, содан бергі 30 жылдан астам уақытта Бибіажар Есбосынова әлеуметтік салада жұмыс істеп келеді. Басында әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің аға маманы болған Бибіажар Әлмешқызы 2005 жылдан бастап бас маман дәрежесінде, әрі осы мекеменің кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін қоса атқарады.

Аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі деген ең жұмысы көп саланың бірі екенін жұртшылық жақсы біледі. Жыл он екі ай алдынан адам үзілмейтін бұл саланың жұмысы үлкен жауапкершілікті, білім мен біліктілікті талап етеді. Мұнан басқа бұл мекеменің қызметкерлері халықпен тіл табысып жұмыс істей білуі қажет. Бибіажар Әлмешқызының бойынан осы қасиеттердің барлығы да табылады десек жаңылыспаймыз.

–Тәуелсіздік алған алғашқы жалдардағы жұмыс істеген кездер есімен кетпейді. Ол кезде жәрдемақыға қоса зейнетақы да бізге қарайтын еді. Таң атқаннан күн батқанға дейін тынбаймыз. Тіпті, ауылдық округтерден келетін мамандар түнгі сағат 3-ке дейін бізбен бірге жұмыс істеп, осында қонып қалатын. Ақша жоқ кезде жәрдемақы мен зейнетақының орнына азық-түлікпен айырбас жасаған кездер болды. Оны халыққа түсіндіру де үлкен жұмыс. Жылы сөзіңмен жанына жол тауып, заң аясында былай болады деп түсіндіріп отыру оңай емес. Әрине мұнда жетіскеннен ешкім келмейді. Шиеттей бала-шағасымен жұмыссыз отырған әйел-аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше көмек беруге тырысып келеміз. Қыстау Ілесов, Көпжасар Бижанов, Бибігүл Көшекеева сынды  көрген-түйгені мол басшылардың қарамағында қызмет атқарған кездер қиын да қызықты уақыттар екен. Марқұм боп кеткен Шаншар Дауылбаев, Жұмабек Айдарқұлов,  былтырлары зейнетке шыққан Сали Тәженов есімді аға буын өкілдерінің осы салаға сіңірген еңбектері ұшан-теңіз болғанын атап өткнеім жөн шығар. Көпжан Ағайдаров, бүгінгі таңдағы басшымыз Жоламан Тұрлыбеков, былтырға дейін бөлім басшысының орынбасары болып, бүгінде аудандық ішкі саясат бөліміне басшылық жасап отырған Бақытжан Таласов  сияқты жас та болса бас бола білген азаматтар да өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, халыққа қызмет жасап келеді, — дейді Бибіажар Есбосынова.

Бибіажар Әлмешқызы қазіргі күні бөлімдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жүргізеді. Бұған дейін аудан ардагерлерімен, ауған соғысының ардагерлерімен жұмыс жасап келген бас маман мүгедек азаматтардың тұрмыс жағдайын оңалту бойынша да жанын салып жұмыс жасап жүр.

Ұзақ жылғы тынымсыз еңбек еленбей қалған жоқ. Әлеуметтік саладағы қажырлы еңбегі үшін республикалық және облыстық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларының, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. «Қазақстан Рсепубликасына 20 жыл» мерекелік медалін иеленді. Кәсіподақ ұйымы тарапынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ауған соғысы ардагерлерімен тығыз байланыста болып, әлеуметтік жағдайларын оңалту бағытында жасаған еңбегіне орай республикалық ауғандық ардагерлер ұйымының «Қолдаушы» төсбелгісін өңіріне қадады. Әрине, осынау марапаттар Бибіажар Әлмешқызының уақытпен санаспай еңбек етіп, өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқара білуінің арқасы болса керек.

Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков:

–Бибіажар қарындасымызбен аудандық мәслихатта жүрген кезден бері жұмыс бабымен араласатын едік. Ардагерлер Кеңесіне келгелі тіптен етене араласатын болдық. Аудандағы 7000-ға жуық зейнеткерлердің уақтылы шипажайлар мен демалыс орындарында демалып келулеріне жолдама беруде, ардагерлерімізді түрлі мерекелерде сый-сияпаттармен марапаттауда бөлім басшысымен бірге Бибіажар Есбосынова да көп көмек көрсетеді. Оған барша ардагерлер қауымы атынан айтатын алғысымыз шексіз, — дейді.

Бибажар Әлмешқызының жұбайы Көмек Есбосынов «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік мекемесінде жұмыс атқарады. Қызы Ақбота Нұр-Сұлтан қаласында ішкі істер саласында қызмет атқарса, ұлы Медет өзіміздің аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Бүгінде қызды қияға, ұлды үяға қондырып, олардан балдай тәтті немерелер сүйіп отыр.

«Дарақ бір жерде көгереді» деген нақыл бар. Бар саналы ғұмырын әлеуметтік салаға арнап, бір мекемеде жемісті қызмет етіп келе жатқан Бибажар Әлмешқызын әріптестері де, аудан жұртшылығы да зор құрмет тұтады. Одан асқан бақыт та болмаса керек.

         Әділ Әбдіраманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *