«Іскер әйелдер отбасын ғана емес, елімізді де өрге сүйреп келеді»
Нағима Қырықбаева — «Бәйдібек аудандық әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Атамекен Кәсіпкерлік Палатасының жанындағы Бәйдібек аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. «Бәйдібек аудандық Аналар» кеңесінің төрайымы.
Бүгінде аудандық іскер әйелдер кеңесінде 10 алқа мүше бар. Олардың барлығы да өз саласының майталмандары. Көпшілігі кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп келеді. Орайы келгенде Нағима Маханқызын жақынырақ әңгімеге тартып, сұхбаттасқан едік.
— Нағима апай елімізде еңбек күшінің едәуір бөлігін әйелдер құрайды. Соның ішінде соңғы жылдары іскер әйелдердің белсенділігі артты. Оған әрине облыс, аудан, қалалардағы іскер әйелдер кеңесінің қосып жатқаны үлесі орасан зор деуге болады. Сондықтан, әңгімемізді алдымен осы іскер әйелдер кеңесінің мақсаты мен жұмыс жоспарынан бастасақ.
— Дұрыс айтасыз, бүгінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Тулегенова Салтанат Ходжамамедқызының қажырлы еңбегінің арқасында өңіріміздегі қыз-келіншектер кәсіпкерліктің барлық қыр-сырын үйреніп, көптеген айлық, апталық курстар қатысып, шеберліктерін шыңдауда. Осындай қолдаулардың нәтижесінде өңіріміздегі қыз-келіншектердің кәсіп бастауға деген құлшынысы артып, өздерінің сүйікті істерімен айналыса бастады.
Толығырақ айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылды. Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер палаталары алаңдарында Өңірлік іскер әйелдер кеңестері, сондай-ақ, аудандық деңгейде дәл осындай кеңестер жұмыс істейді. Астанада Қазақстан Республикасы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің І конгресі өтті. Конгресте Ұлттық палата жұмысы аясында Кеңес қызметін жүргізудің стратегиялық келешегі, елімізде әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы ахуалды жақсарту бағыттары, сондай-ақ, әйелдер қатысатын шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Кеңесті құрудың басты идеясы – өңір әйелдерінің іскерлік ортадағы белсенділігін күшейту болды. Кеңестің міндеттеріне әйел-кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін ынталандыру, әйелдердің жеке кәсіпкерлікке араласуын, олардың экономикалық бастамаларын қолдау және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту кірді.
Бүгінде іскер әйелдер кеңесі өз қызметін мынадай бағыттар бойынша іске асыруда. Айталық, республикадағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру жүйесі туралы ақпараттық-ағартушылық қызметті ұйымдастыру; жаңа бастаған әйел-кәсіпкерлерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультациялық және ақпараттық қолдау көрсету; перспективалы бизнес-идеяларды, жобаларды қолдау; іскер әйелдердің экономикалық құзыреттілігін көтеру және олардың арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту; кәсіпқой әйел-кәсіпкерлердің өңірлерді, қалалар мен кәсіпорындарды экономикалық дамытудың ең тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуын жолға қою; қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің арасындағы сындарлы сұхбатты жолға қою, оның ішінде қазақстандық және шетелдік әйел-кәсіпкерлердің экономикалық әрі мәдени қарым-қатынас жасауы; шетелдік іскерлік орталарда еліміздің әйел-кәсіпкерлерінің оң имиджін қалыптастыру.
— Бүгінде облыстағы іске әйелдер кеңесінің аудандар мен қалаларда төрайымдары бар. Ендігі жерде олардың міндетіне не кіреді? Соған тоқтала кетсеңіз.
— Кеңес төрайымдары кеңес отырысын шақырады. Кеңес қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, отырысты басқарады, Кеңес шешімінің орындалуын бақылайды. Кеңес жұмысының жоспарын бекітеді. Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді. Кеңес мүшелерінің Кеңес отырысының шақырылымы туралы өтінішхаттарын қарайды. Кеңес қызметінің Ұлттық палатаның ішкі құжаттарында қарастырылған басқа да мәселелері бойынша шешім қабылдайды.
Айта кетейін, кеңес қызметінің ұйымдастырылуын Кеңес мүшесі болып табылатын Кеңес хатшысы жүзеге асырады. Ол кеңес отырсының күн тәртібін жасайды. Кеңес отырысына мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), басқа да ұйымдар мен компаниялардың өкілдерін, салалық мамандарды, тәуелсіз кеңес берушілер мен ғылыми орта өкілдерін шақырады.
Ал, кеңес мүшелері кеңес отырыстарына қатысады, кеңес отырысын шақыру туралы өтінішхат береді, кеңес отырысының күн тәртібіне және шешім жобаларына ұсыныстар енгізеді, ұлттық палата жүйесінде Кеңес құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдауға қажетті ақпаратты сұратады және алады. Сонымен қатар, кеңес мүшелері жазбаша түрде берілетін және Кеңес отырысының хаттамасына тіркелетін ерекше пікір айтуға құқылы. Кеңес отырысы республика өңірлерінде жиналыс, тыңдалым, оның ішінде бейне және скайп-конференция форматында да өткізілуі мүмкін. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалады, оған Төрайым мен Кеңес хатшысы қол қояды. Кеңес шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Кеңес мүшелерінің жалпы санынан басым дауыс берілсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс тең түскен жағдайда Төрайым дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Кеңес мүшелері Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жазбаша пікір қалдыруға құқылы, пікір Кеңестің тиісті отырысында міндетті түрде айтылады.
— Нағима апай іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болмас бұрын қандай қызметтерді атқардыңыз? Өзіңіз туралы да айта кетсек.
— Өзім жайлы толығырақ айтар болсам, мен денсаулық сақтау саласында 50 жыл қызмет еткен дәрігермін. 1971-1974 жылдары Шымкент медициналық училищесін фельдшер мамандығын бітіргеннен кейін Бәйдібек аудандық жедел жәрдем бөлімінің фельдшері болып жұмысқа орналастым. Одан кейін 1989-2016 жылдары Бәйдібек аудандық орталық аурухана бас мейірбикесі болып қызмет еттім. 2012 жылдан бастап «Бәйдібек аудандық әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымымын. 2014 жылдан бастап Атамекен Кәсіпкерлік Палатасының жанындағы Бәйдібек аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болып қызмет атқарудамын. 2016 жылдан Бәйдібек аудандық Аналар кеңесінің төрайымы болып қызмет атқарып келемін.
Әрине, еңбегім елеусіз емес, 2009 жылы жыл қортындысы бойынша облыста «Ең үздік медицина қызметкері» номинациясымен, 2011 жылы аудандық Денсаулық сақтау саласына сіңірген абыройлы еңбегім үшін «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2012 жылы аудандық денсаулық сақтау саласындағы абыройлы еңбегі үшін «ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. 2022 жылы Бәйдібек ауданының құрметті азаматы атандым. Атамекен Кәсіпкерлік Палатасының «Халық құрметі» орденімен, ҚР ҰКП Атамекен НПП РК Іскер Әйелдер кеңесінің «Адал еңбек» төс белгісімен наградталғанмын.
Қазіргі таңда бірнеше әлеуметтік жолдарды іске асырып келемін. Ол туралы айта кетейін. 2014 жылы «Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтау, нығайту азаматтардың бойында Жаңа Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу» жобасын, 2015 жылы «Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесі» жобасын, 2015 жылы «Дін және қоғам» жобасын, 2016 жылы «Отан отбасынан басталады! Отанға деген сүйіспеншілік» жобасын, 2016 жылы «Білімді ұрпақ – мемлекет тірегі» жобасын, 2016 жылы «Дін – ел бірлігінің кепілі» жобасын, 2017 жылы «Жастарды патриотизмге тәрбиелеу» жобасын, 2018 жылы «Ата-баба дәстірі ұрпаққа аманат» жобасын, 2021 жылы «Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесі» жобасын, 2022 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ парызымыз» жобасын, 2022 жылы «Жастарды патриотизмге тәрбиелеу» жобасын, 2022 жылы «Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесі» жобасын, 2023 жылы «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан», 2023 жылы «Ұлт тағдыры – ұрпақ тәрбиесі» жобасын іске асырып келемін.
Сонымен қатар, өңірімізде әйелдердің қоғамдық-саяси ахуалға оң әсер ететін түрлі форматтағы қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырып, жастарды отансүйгіштік пен толеранттылыққа баулуға атсалысудамын. Республика көлемінде болып жатқан төтенше жағдайларға да бей-жай қарап отырғанымыз жоқ. Кеңес мүшелері бас қосып Арыс қаласында, Мақтарал ауданында орын алған төтенше жағдайлар кезінде «Мақтаарал, Бізбіргеміз!», «Мектепке жол», биылғы топан су алған елді мекендерге қайырымдылық жасаудамыз. Кәсіпкер қыз-келіншектер аудан бойынша тұл-жетім, жартылай жетім балаларды жыл сайын қыстық киімдермен қамтамасыз етіп келеді. жалпы осындай қайырымдылық акциялардың да бас-қасында аудандағы іскер әйелдер кеңесі жүреді.
Негізгі мамандығым медицина саласы болғанымен кәсіперлік ашып,қосымша әр-түрлі салада кәсіпкерлікпен айналыстым. Желілік маркетингте де жұмыс істедім.
— Аудандағы кәсіпкер қыз-келіншектердің кәсіп бастауына ықпал етіп жүрсіз ғой. Ал, өзіңіз қандай кәсіппен айналысасыз?
— Қазіргі кәсібім-ұлттық нақыштағы қол өнер туындылары .Оның ішінде ұлттық киімдер жәнеұлттық нақыштағы төсек жабдығы. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2012 жылдан бері «Бәйдібек аудандық Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы болып қызмет атқарып келемін. Түрлі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізіндегі гранттарға қатысып, сол бойынша жұмыс атқарамын. Бәйдібек аудандық Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері республикалық,облыстық форумдарға қатысып ,біліктілігін арттырып,өзге өңірлермен тәжірибе алмасып отырады. Аудандағы барлық іс-шараларға қатысып, демеушілік жасап көмек қолын созып жәрдем береді. Елімізде орын алған барлық төтенше жағдайларға байланысты қайырымдылық іс-шараларының басы-қасында жүріп демеушілік жасауда.
Қазіргі кезде кәсіпкерліктің сонау 90 жылдардағы алғашқы қарлығашы аудандық Іскер әйелдер кеңесінің белді мүшесі Бақова Айғаным кәсіпкерліктің қыр-сырын толық меңгеріп, аудан орталығында 100 ден астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, аудан халқына кәсіпкерлік қызмет көрсетіп отыр. Қайтарымсыз грант жеңіп алған кәсіпкердің де қатары артып келеді. Мәселен, Сапарова Ұлжалғас Мейірбековна кондитерлік тағамдар дайындаумен айналысып бүкіл аудан халқын кондитерлік тағамдармен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Кәсіпкерлікті алғашқы бастағандардың бірі Мақсұтова Қалима Батырбекқызы да ұн өнімдерін шығарумен айналысып кәсібін дөңгелетіп отыр.
Қорыта айтқанда, аудандағы іскер әйелдер осылайша отбасын ғана емес, елімізді де өрге сүйреп келеді.