Роза өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде өткізілетін сайыстарда топ жарып келеді

Елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен насихаттауға арналған іс-шаралардың мәні мен маңызына баса көңіл бөлініп келеді.   Сондай шаралар Сайрам ауданындағы Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжде жиі өткізіп тұрады.

Айта кетейік, Түркістан облысында 50-ден астам ұлт пен ұлыс тұратын болсақ, соның 40-ы Сайрам ауданында тату-тәтті тіршілік кешуде. Сондықтан да мұнда ұлтаралық бірлікті сақтауға арналған шаралар ұдайы өткізіледі. Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің өзге оқу орындарынан бір артықшылығы да осында. Аталмыш білім ошағында оқитын Роза Ешанқұлова өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін қазақ тіліндегі сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп келе жатқан ару.

Роза Ешанқұлованың ұлты – өзбек. Ол 2005 жылдың 16 қазанында Сайрам ауланы Қарамұрт ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ю. Гагарин атындағы №56 жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжге оқуға түсіпті.

— Мектеп қабырғасында оқып жүргенде де өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен қазақ тілінде өтетін сайыстарда жиі бақ сынайтынмын. Бірақ, онда айтарлықтай жетістіктерге жеттім дей алмаймын. Менің бағым колледжде жанды. Қазақ ақын-жазушыларының жырларын жатқа айтудан өткен сайыстың ешбірінен жүлдесіз қайтқан емеспін. Бұған, әрине, жетекшілерімнің де үлесі орасан зор. Мен олармен мақтанамын.

Жастардың мемлекеттік тілге деген құрмет-сезімін, қазақ тілін үйренсем деген құлшыныс-ниетін арттыруға арналған осындай іс-шаралардың маңызы зор деп білемін.  Мұндай жарыстарға қатысушыларының өнеріне көрермендердің де қошеметі, қолдауы ерекше болатынын байқаймын, — деді кейіпкеріміз.

Сайрам ауданында қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің қатары көп. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Роза. Роза ата-анасы мен бауырларының да қазақ тілінде еркін сөйлейтінін және қазақ ақын-жазушыларының жырларын сүйіп оқитынын айтады. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір соққан отандастардың мемлекеттік тілге деген құрметіне тағы да бір еріксіз тәнті болдық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *