Олжас Бектенов Президенттің медицинадағы озық технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылыми онкология орталығы (ҰҒОО) мен Nazarbayev University Биомедициналық зерттеу орталығының қызметімен танысты. Президенттің медицинада озық технологияларды қолдану және денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысына назар аударылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың жаңа корпусының жарақтандырылу жағдайын тексерді, онда науқастарға жоғары технологиялық ем түрлері ұсынылады.
ҰҒОО – Қазақстандағы радиациялық онкология бойынша көшбасшы орталық. Мұнда жыл сайын 12 мыңға жуық диагностикалық зерттеу мен жедел ота жасау, 4 мың сәулелік және протондық терапия курсы, сондай-ақ 330-ға дейін ағзалар мен сүйек кемігін трансплантациялау сынды ем-шаралар жүзеге асырылады.
Пациенттерге барлық онкологиялық көмек тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде ақысыз көрсетіледі. Аталған мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 170 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Онкологиялық көмекке арналған бюджет көлемі соңғы 3 жылда 6 есеге ұлғайды, оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, заманауи жабдықтармен жарақтандыру шығындары да бар.
Премьер-министрге Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа «АЭХА-ның зәкірлік орталығы» (Anchor Center) мәртебесін алып беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды, оны алған жағдайда орталық бүкіл Орталық Азия аймағы үшін радиациялық онкология және ядролық медицина саласындағы озық тәжірибені дамыту және таратуға арналған тірек алаңына айналмақ.
