Түлкібас ауданындағы Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ баба елді мекендерінде медициналық пунк салынады
Өңірімізде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асырылуда деуге болады. Айталық, былтыр «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба іске асырылып, 31,3 млрд. теңге игерілді. Соның нәтижесінде 297 жоба ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Ал, ағымдағы жылы 165 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Бұл мақсатқа жалпы 25,3 млрд. теңге бөлінді. Оның 107-сі жаңа жобалар болмақ.
Аталған жоба Түлкібас ауданының инфрақұрылымын жақсартуға да серпін беріп жатыр. Соңғы 2 жылда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында көп жылдан бері аймақта өзекті болып келген медицина саласындағы түйіткілді мәселе шешімін тауып келеді. Мәселең, соңғы жылдары аудан орталығынан шалғай жатқан Келтемешат, Рысқұл, Ақбиік және Шұқырбұлақ елді мекендеріне заманауи жаңа медициналық тіректер соғылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Заманауи медициналық тіректе жалпы дәрежелі дәрігер, фельдшер және медбике халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмай, елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биыл аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғу жұмыстары жалғасын таппақ. Олар – Абайыл, Тастыбұлақ, Мақталы және Шақпақ баба елді мекендері.
Бүгінде Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекеме, оның ішінде 36 емхана жұмыс істейді. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері еңбек етеді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық, 900 мыңнан астам жедел жәрдем, 3,5 мыңға жуық санавиация қызметтері көрсетіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 миллионнан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген.