Жетісайлық диқандар өз өнімдерін экспорттай бастады
Жетісай ауданының шаруалары ерте көктемде еккен көкөністерін жинай бастады. Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Мырза ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімін көршілес Ресей еліне экспорттады. Қожалық төрағасы Әбдіжаппар Мырзаев бірнеше жылдан бері 60 күнде пісіп жетілетін қырыққабаттың макако сортын егіп келеді.
Өнімділік те жақсы, бағасы да жоғары. Мейрамханалар мен дәмханаларда сұранысқа ие. Қазірдің өзінде егістік басынан келісі 175 теңгеден сатылуда.
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, Жетісай ауданында биыл 1200 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 36 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Егілген өнімнің басым бөлігі «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ», «Макако» сорттары. Былтыр аудан диқандары 1,2 мың гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, 41 мың тонна өнім өндірген. Негізінен ерте пісетін қырыққабат өнімінің басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталған.
Биыл ауданда 79,2 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Оның ішінде 42 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,5 мың гектар жерге көкөніс пен 14 мың гектарға мал азық дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауданда алдағы 5 жылдық егіс құрылымының жол картасы әзірленіп бекітілді. Соған сәйкес, мақта дақылын 2027 жылға дейін 12,0 мың гектарға көлемін азайту арқылы мал азықтық дақылдар мен дәндік жүгері дақылының көлемін арттыру көзделуде. Ауданда дәндік жүгері дақылы мен мал азықтық дақылдарын қабылдайтын, қайта өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Ал, алдағы уақытта дәндік жүгері дақылын қабылдайтын бекеттер ашу мен мал азығын дайындау ісі қолға алынбақ.