Кентаудағы өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту міндеті қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Кентау қаласына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, нақты міндеттер жүктелді.

Аймақ басшысы алдымен қаладағы индустриалды аймақ пен құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың жай-күйімен танысты. Кейін Кентау қалалық әкімдігінде өткен актив жиналысында қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, алдағы міндеттер белгіленді.

– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары бәсең жүріп жатыр. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның тек үшеуі ғана іске асқан. Бұл – көңіл көншітпейтін көрсеткіш. Инвесторлармен жұмысты күшейтіп, тиісті жобаларды жеделдету қажет. Сонымен қатар, ауылды дамыту, ауыл шаруашылығына көңіл бөлу, шаруаларды қолдау жұмыстарында жандандыру керек,  – деді облыс әкімі Н. Көшеров.

Жиын барысында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов пен басқарма басшылары есеп беріп, өз салаларында кездескен мәселелер мен оларды шешу жолдарын баяндады. Сонымен қатар, облыс басшысы жүктеген міндеттер хаттамаға енгізіліп, орындалуы қатаң бақылауға алынатыны айтылды. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаладағы санитарлық тазалықты күшейту және насихат жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *