Индира кәсібін ұлғайтуды армандайды
Төлеби ауданында жаңа 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар саны жыл санап артып келеді. Солардың бірі- Төлеби ауданы, Ленгер қаласының тұрғыны Ахаева Индира Үсенкызы. Мемлекеттік гранттар беру қағидасына сәйкес құрылған комиссияның оң қорытындысын алған азаматша грантты ұтып алып, үйінен ою трафаретін жасау цехын ашты. Қайтарымсыз қаражатқа керекті құрал-жабдықтарын алып жұмысын бастап кетті. Кәсіпкер қолға алған кәсібін алдағы уақытта үлкейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
«Осы салаға қызығушылық танытып, білім алдым. Бүгінде өте күрделі оюларды кесу арқылы өз кәсібімді дамытып отырмын. Қазір Леңгір қаласындағы 5 тігін шеберханасынан тапсырыс қабылдаймын. Олардың ішінде көрпе, киім-кешектерге арналған оюларды қиямын. Қазіргі таңда ұлттық ою-өрнектерді сәулет және киім дизайнінде, зергерлік бұйымдар мен ыдыстар жасауда жиі қолданады. Сондықтан тапсырыс та көп», — дейді кәсіпкер.
Жалпы бүгінде кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік көп. Мемлекет қайтарымсыз грант негізінде және жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес-идеямды жүзеге асырамын деген адамға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы 6 мыңға жуық адам 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Ал, 9 мыңнан астам қазақстандық қайтарымсыз грант алыпты.
Мұндай қолдау биыл да өз жалғасын табуда. Биыл 5,8 мың адамның несие алуына 29 млрд. теңге бөлініп, тағы 9 мың азамат қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болу жоспарланған. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Ол үшін 13 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Өтініш «Business.enbek.kz» порталы арқылы қабылданады. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізудің талап-тәртібі мен ереже-шарты қандай, соған тоқталайық.
Қайтарымсыз қаражатқа өтініш беру үшін порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту керек. Сосын бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып порталға енгізесіз. Одан кейін өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Егер интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығы немесе мансап орталықтарының өзіне- өзі қызмет көрсету аймағына барсаңыз болады.
Қайтарымсыз грант аламын деген адам жұмыссыз ретінде тіркелген болуы керек. Немесе кемі 3 жыл жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы шарт. Оған қоса, үміткер әлеуметтік санаттардың (мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар; аз қамтылған отбасы мүшелері; көп балалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы); мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар) бірінен болуы міндетті. Сондай-ақ, үміткердің «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
Қаржыны қажетті құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, жануар, құстар сатып алуға, көшет, бұталарды, тұқымдарды сатып алу үшін, сондай-ақ, кәсібін жүргізуге арналған орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Бұл қаржы тұтынушылық мақсатқа, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй немесе жер учаскелерін алуға берілмейді.
Үміткерлердің өтінішін Еңбек мобильділігі орталықтарындағы арнайы комиссия қарап, саралайды. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Комиссия мүшелері бизнес-идеяның бәсекеге қабілетті болуы мен өміршеңдігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларына мән береді. Жаңа жұмыс орындарын құру да комиссия баса мән беретін жайлардың бірі. Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер грант беру мақұлданған болса, үміткер банк деректемелерін ұсынып, шартқа қол қояды. Содан кейін әр тоқсан сайын қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны жайлы есеп беріп отыруы тиіс. Яғни мемлекеттен берілетін миллиондар қайтарымсыз болғанымен, сұраусыз емес.