Ұзақ өмір сүру белсенділік қажет — қариялар

Биылғы жарты жылдықта  «Белсенді ұзақ өмір» орталығының қызметін қала бойынша 1428 зейнеткер пайдаланыпты, оның ішінде 300-дей кісі Бекзат мөлтек ауданындағы филиалдан  пайдаланған.   Яғни, 2024 жылы 3000 мың зейнеткерге  қызмет көрсету жоспарланып, 6 айда 1428 зейнеткерге 8577 қызмет көрсетіліп келеді. Орталық ашылғалы бері 4000-ға жуық  зейнеткер біздің орталық қызметін пайдалануда. Жалпы қалада 14000 зейнеткер тұрса, бүгінге дейін солардың үштен бірі «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қызметін пайдаланып, игілігін көріп жатыр екен.

Жеңіс саябағы жанында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келіп жұмысымен танысып, қызмет алушылармен сөйлесіп пікірлескен едік.

Сәуірбай Қожаханов, зейнеткер:

–Мен бұл орталыққа 2022 жылдың қазан айынан бастап    келемін.  Жалпы, қарт кісілермен жұмыс жасау оңай емес қой. Өйткені, олар жасы келген, қажыған адамдар.  Сол бала көңілді қарт адамдардың көңілінен шығып, басшының өзінен бастап бүкіл қызметкерлері ұдайы әдепті, сыпайы, жылы қабақпен танытуы бізге  ұнады.   Орталықта бізге арнап бірнеше үйірме ашылған. Шахмат, дойбы, биллиярд, әйел кісілерге тігін-тоқыма т.б.

Мен өзім ұзақ жылдар білім саласында мектеп мұғалімі, директоры болып қызмет істеп, зейнетке шыққанмын. Зейнетке шыққан соң науқастанып қалып жүрегіме ота жасалды. Отадан кейін дәрігердің кеңесімен күніге 4: таңертең 2, кешкісін 2 шақырым орта жылдамдықта жаяу жүруші едім. Осы орталықтың ашылғанын естіп келдім. Мұнда уақытымды мазмұнды өткізіп жатырмын. Күніне 5-6 партия билярд ойнаймын, ол дегенің кемінде 5 шақырым қозғалыс. Әрі ойынның азарты бар, бүгілесің, көздейсің, шарды ұрасың, қозғалыс қой. Шахмат та мидың жұмысын жақсартатын  керемет пайдалы нәрсе. Үйірмелердің барлығы керемет. Ешқандай жасандылық, жоғарыға көрсету үшін жасалған емес, Шынайы, пайдалы. Таңертең келіп түрлі дене жаттығуларын жасаймыз. Оны да  дәрігерім ұсынған еді. Алайда, оны үйде жасамайсың. Мына жерде арнайы транежер залы бар, көппен, ұжыммен, нұсқаушымен бірге жасайсың. Түрлі массаждар аламыз, аяққа, буындарға арнайы массаж жасайтын жапондық аппарат бар. Соның барлығын тегін пайдаланып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, бұның барлығы біздің денсаулығымыздың оңалып, жақсаруына септігін тигізуде. Екіншіден, мұнда қатар-құрбымыз бар. Әңгіме-дүкен құрып фитобарда денсаулыққа пайдалы түрлі шайлар ішіп бір мезет тынығып отырамыз. Біз керемет орта таптық. Туған күндер, мерекелерде дастарқан жайылып жиі концерттер ұйымдастырылады. Асханада арзан бағада (өз қаржатыңа) диеталық тағамдар бар. Егер күнұзақ жүріп қалсақ тамақтанып аламыз.  Түс ауғанша, кейде кешке дейін жүре береміз. Енді, «немеремді мектептен алушы едім» дейтіндер түске дейін келіп керекті профилактиканы алып қайта береді. Мысалы, мен қазір 6.30-дан осылай қарай тарта беретін болдым. Жұмыс 8-де басталса да ерте келгендерге 7.00-ден есік ашық, Барлығын біздің ыңғайымызға қараай жасап қойған.  Үшіншіден, біздің жағдайымызды білмекке қала әкімі, қалалық, облыстық Мәслихат депутаттары келіп тұрады.  Облыс әкімі де арнайы келіп кездесу өткізіп, жай-күйімізді біліп кетеді. Жалпы, орталықтың жұмысы көңілімізден шығады. Өткенде осындай орталықтар, зейнеткерлер арасында Кентауда бильярдтан, шахматтан турнир ұйымдастырылды. Біз Кентаудың да, Созақтың  басқа да аудандардың да командаларын жеңіп, 1 орын иеленіп керемет көңіл-күймен қайтттық. Бұл бізді қанаттандырды, шабыттандырды. Жалпы мұндай орталықтар елге  өте пайдалы деп есептеймін. Мына жер қаланың орталығы ғой,  әлі де қаланың шет аймақтарынан бөлімдерді ашу керек. Қаншама мұнда  жете алмай жүрген замандастарымыз бар. Солардың барлығы осы игілікті көрсе, пайдаланса екен деймін.

Раиса Құттыбаева, зейнеткер

–Мен бұл орталық қызметін 2023 жылдың  6 ақпанынан пайдаланып келемін. Келгеніме қуанамын. Қызметкерлердің барлығы ізетті, әдепті. Орталықтың барша қызметтерін шүкір, пайдаланып жүрміз. Маған ұнағаны Қолөнер үйірмесі. Өзім бұрыннан да тоқуға бейімім бар-ды. Тоқумен айналысып, бұйымдарымызды осында бұйырғанына сатып ол да бізге кішкене  болса да мотивация болып жатыр. Түрлі пайдалы нәрселер бар. ЛФК, массаждар аламыз. Жазғы маусымда бассейнге алып барып жүр. Зейнеткерлер 50 пайыздық жеңілдікпен айына 12 рет бассейннді пайдаланамыз. Тарихи-мәдени орындарға әр аптада саяхаттап жүрміз. Қысқасы орталық қызметіне көңіліміз толады. Қызметкерлері өте мәдениетті, жылы қарсы алып, шығарып салады.  Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Әтіргүл ТӘШІМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *