Сандуғаштың кәсібі сан қилы
Жеке кәсіпкер Алпысбаева Сандуғаш Силқынбекқызы Бәйдібек ауданы, Алғабас ауылдық округіне қарасты Таңатар ауылында тұрады. Кейіпкеріміз былтыр өз кәсібін бастау мақсатында 2,5 пайыз жеңілдетілген несие алу үшін “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-на өз бизнес жобасын ұсынып, нәтижесінде несиеге қол жеткізген болатын.
Қазіргі таңда өз қора жайында жылқы малын көбейтіп және алдағы уақытта одан алынатын өнімнен ауыл, аудан көлемінде бренд қалыптастырсам деген мақсатымен бөлісе кетті. Сандуғаш шағын несие туралы әлеуметтік желіден естіп, бизнес жоспар дайындап қатысуға бел байлап, нәтижесінде несиені алып 11 жылқы сатып алған жайы бар.
Бүгінде жұбайы екеуі мал шаруашылығын дамытып, отбасылы жас кәсіпкерлер қатарына қосылып отыр. Жас кәсіпкер жастарға тәуекелшіл, жауапкершілігі мол және мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді барынша қолдануға тырысыңыздар деген өз ізгі ниетін жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында кәсіпкерлік саласына үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. Оған дәлел, биыл 7,2 мың адамға кәсіпкерлік бастамаларына грант және шағын несие беру қарастырылуда. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтағы азаматтар арасынан 1 793 адамға бизнес-идеясын дамытуға гранттар беру, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4 803 жаңа жұмыс орнын ашу, 621 жас кәсіпкерге 2,5 пайызбен 5 млн. теңге жеңілдетілген шағын несие беру көзделуде.
Сонымен қатар, әр өңірдің бейімделген кәсібіне сәйкес, етті бағыттағы, сүтті бағыттағы ірі қара малды өсіру, жылыжай кешені, балық және бау-бақша шаруашылығы салалары бойынша кәсіби оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады. Қазіргі уақытқа дейін ірі қара малдың сүтті бағыты, ірі қара малдың етті бағыты және балық шаруашылығы бойынша 45 кәсіпкер өз біліктіліктерін арттырған.