Облыста 50 мыңға жуық бала «Жайлы мектепте» оқиды
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында өңірімізде 49 мың оқушыға шақталған 63 мектеп салу жоспарланған. Биыл аталмыш жоба аясында құрылысы жүріп жатқан 29 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын. Осы жылы ел игілігіне берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылады. Олардың жалпы сыйымдылығы – 17 800 орын. Ал 2025 жылы 26 100 орындық 34 мектептің құрылысы жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді 2025-2027 жылдары күтіп-ұстауға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Айта кетерлігі, жаңадан ашылатын мектептерді орындық, парта, тақта және өзге де қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде «Binom School» мектептер желісінің тәжірибесі ескерілмек.
Айта кетейік, бүгінде облыстағы 912 мемлекеттік мектепте 500 мыңға жуық бала оқиды. Оның 159-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, оның ішінде 35 мектептің оқушылары саманды ғимаратта білім алады. Сонымен қатар 5 үш ауысымды және 4 апатты мектеп бар. Облыста 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасынан, 32 мектеп республикалық бюджет есебінен салынуда. Биыл қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-еуі 2025 жылға өтпелі.
Аудандардағы білім бөлімдері тарапынан 68 мектептің құрылысын және қосымша ғимарат салуға ұсыныс түскен. Зерделеп, талдау нәтижесінде бекітілген талапқа сәйкес бірінші кезеңде 26 мектептің құрылысын салу қажет. Сонымен қатар 2024-2026 жылдары облыста орын тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің мәселесін жою мақсатында 23 мектеп салу көзделген.