Кентауда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа жобалар қолға алынуда
Түркістан облысында жасыл экономика қағидаттарын енгізу, энергия тиімділігін арттыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Бұл бастамалар Кентау қаласында да жүйелі түрде іске асуда. Әсіресе, ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты инфрақұрылым мәселелерін шешу — тұрғындар өмір сапасына тікелей әсер ететін басым бағыттардың бірі болып отыр.
Қаладағы сапасыз, ескі су құбырларын ауыстыру, апатты жағдайлардың алдын алу және ауыз су мәселесін кешенді шешу мақсатында 2021 жылы «Түркістан қаласындағы су құбырлары желілерін қайта құру» IV-кезең жобасы қолданысқа енгізілді. Бұл жобаның басты мақсаты — қала мен қалаға қарасты ауыл тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету. Іске асқан жағдайда бұл жоба экологиялық тұрақтылықты арттырып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға елеулі үлес қоспақ. Сонымен қатар, кәріз жүйесін жаңғырту бағытында «Түркістан қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылысы» жобасы қолға алынған. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңінде. Жобаны әзірлеуші — «МПК Проект» ЖШС-і. Сараптама оң қорытынды беріп, қажетті қаржы бөлінген жағдайда, екі дана су көтеру насос станциясын (КНС) қамтитын жаңа нысандар бой көтереді. Бұл кәріз суын тиімді тазартып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді. Кентау қаласы бойынша қазіргі таңда жалпы 26 889 абонент тіркелген, оның ішінде 20 277-сі жеке тұрғындар, 148-і өндірістік және бюджеттік мекемелер, 1201-і коммерциялық құрылымдар. Демек, инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі тікелей халық игілігіне бағытталған.