«Жасыл қала» мекемесі – экологиялық тұрақтылық пен көркейту жұмыстарының тірегі

Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және энергия тиімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы игі бастамалардың алдыңғы шебінде жүрген мекемелердің бірі – «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Аталған мекеме  қала аумағында көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі кешенді шараларды іске асырып келеді.

Мекеме құрамында басшылық пен техникалық мамандардан бөлек, көгалдандыру, санитарлық тазалау және техникалық қызмет көрсету саласындағы тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Қала келбетін жақсарту мақсатында қарағаш көшеттері отырғызылып, орталық көшелер мен саябақтарға біржылдық гүлдер егілді. Бұл жұмыстар қаладағы жасыл желектердің артуына және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптасуына ықпал етуде.

Көктем және жаз мезгілдерінде қала көшелері мен аллеяларындағы ағаштарды суару, шөп шабу, зиянкестерге қарсы дезинфекциялау шаралары тұрақты түрде атқарылады. Мәселен, биыл көктемде «Каратэ» дәрісімен толық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер зиянкес жәндіктерден толықтай тазартылды. Бұл – өсімдіктердің өміршеңдігін сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі.

Қыс айларында қаланың негізгі көшелері мен тротуарлар қардан тазартылып, көктем-күз кезеңдерінде еріген қар мен жауын-шашын салдарынан туындайтын су басу қауіптерінің алдын алу үшін арықтар мен лотоктарды тазарту, су өткізу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қала маңындағы тұрғын аймақтар мен полигон маңында шашылған қоқыстарды жинау, қураған ағаштарды кесіп тазалау шаралары да тұрақты түрде қолға алынуда.

«Жасыл қала» мекемесінің қызметі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үндесіп, өңірде экологиялық туризмді дамыту мен тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықты қалыптастыруда үлкен рөл атқарып келеді. Газдандыру, энергия тиімділігін арттыру, су ресурстарын сақтау бағыттарындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, халыққа экологиялық тәрбие беру мақсатында мемлекеттік тілде түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде.

Жалпы алғанда, «Жасыл қала» мекемесінің жүзеге асырып отырған кешенді шаралары өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған. Қала тұрғындарының да бұл іске белсенді араласуы – қоғамдық жауапкершіліктің артқанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *