Жолдау жүктеген міндет: Төлеби ауданындағы тұрғын үй құрылысында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр

«Әрбір азаматтың тұрақты және қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуі – мемлекеттің басты міндеті». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айтқан негізгі ұстанымдарының бірі. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде тұрғын үй саясатына басымдық беріліп, өңірлерде нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысының Төлеби ауданында жүргізіліп жатқан ауқымды тұрғын үй құрылысы.

2023-2025 жылдар аралығында облыста тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі шаралар қолға алынып, халықтың баспаналы болу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Қазіргі таңда өңірде 6 261 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында 2023-2024 жылдары 140 пәтер пайдалануға берілді. Бұл – әлеуметтік осал топтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған нақты қадам.

Алдағы үш жылда құны 12,4 млрд теңге болатын 10 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланып, нәтижесінде 520 пәтер халық игілігіне беріледі. 2024 жылы осал топтарға арналған 120 пәтерлі екі тұрғын үй ел игілігіне берілсе, 2025 жылы 48 пәтерді сатып алуға республикалық және облыстық бюджеттен 749 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл 3 тұрғын үй – жалпы 156 пәтерлік кешеннің құрылысы аяқталмақ. Бұл жобаларға 2,1 млрд теңге қаржы қарастырылған.

Атап айтқанда, Леңгер қаласындағы Қ.Дүйсемұратұлы көшесінде орналасқан апатты жағдайдағы екі қабатты үй тұрғындары осы жаңа баспаналарға қоныстанатын болады. Бұл – азаматтардың тұрмыс жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік шешім.

Тұрғын үймен қатар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта Леңгер қаласы мен Көксәйек, Зертас, Қаратөбе, Момынай және Қайнар ауылдарында 462 гектар жер телімі тұрғын үй салуға бөлінді. Аталған аумақтарға су, жарық, газ желілері мен жол инфрақұрылымы тартылуда. Қазіргі таңда 4,9 млрд теңге игеріліп, 2025 жылға өтпелі 516 млн теңге және қосымша 1,4 млрд теңге қаражатты игеру жоспарланған. Нәтижесінде, тұрғын үй кезегіндегі 2,5 мыңнан астам азаматқа жаңа баспана ұсынылады.

Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық негіздер Түркістан облысындағы тұрғын үй саясатының табысты жүзеге асуына негіз болуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Тұрғын үй құрылысын дамытып, қолжетімді ету арқылы біз халықтың әл-ауқатын арттырамыз». Бұл қағида «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» сияқты стратегиялық бастамалармен сабақтасып, ауылдық және шағын қалалық аймақтардағы тұрғындар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашып отыр.

Бүгінде облыстағы тұрғын үй құрылысының қарқыны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Құрылыс нысандарының көбеюі жұмыс орындарының артуына, инфрақұрылымның жаңаруына, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына сеп болуда. Бұл – Мемлекет басшысының халыққа деген нақты қамқорлығының көрінісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *