Кентау қаласының туризмі жаңа белеске бет алды
Кентау қаласында туризм саласы қарқынды дамып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін айқындайтын жаңа бағыттардың біріне айналып келеді. 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша қалаға келген туристер саны 1 045 адамды құрады. Оның ішінде 1 038 адам ішкі туристер болса, 7 адам шетелдік қонақтар қатарынан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артқанын көрсетеді (2024 жылы – 896 адам). Туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі де артып, 10,7 млн теңгені құрады. Ал, жыл соңына дейін туристер санын 8 292 адамға жеткізу көзделіп отыр.
Өңірде қала туризмінің дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, табиғаты көркем Хантағы ауылында 13 гектар жерде заманауи «KHANTAU» демалыс аймағын ашу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 15 капсулалық үйшікпен жабдықталған кешен құрылып, 70 адамға дейін тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жоба құны – 400 млн теңге. Бұл нысан демалушылар мен табиғат аясында тынығуға ниетті туристер үшін қолайлы жағдай жасап, ішкі туризмді жандандыруға серпін бермек.
Сондай-ақ, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы аумағында жаңа визит-орталық салу жоспарлануда. Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын бұл нысан жылына 100 мыңға дейін келуші қабылдай алады. Қазіргі таңда 900 гектар жерді рекреациялық аймақ ретінде бекітіп, арнайы тәртіппен қызмет көрсету тетіктері қарастырылуда.