Кентауда қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын жаңа насос орнатылды
Өңірдің энергия тиімділігін арттыру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу, қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы саясат аясында «Ащысай Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны су жүйелерін жаңарту, ақаулардың алдын алу және ауыз суды үздіксіз әрі сапалы жеткізу бағытында маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде «Ащысай Су» МКК Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарға тәулігіне 31,0 мың м³, ал Түркістан қаласына 52,0 мың м³ көлемінде ауыз су жеткізіп отыр. Бұл – халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған жауапты әрі үздіксіз жұмыс жүйесінің нәтижесі.
2025 жылдың алғашқы 5 айында су құбырында 420, ал кәріз жүйесінде 470, барлығы 890 ақау тіркеліп, жедел түрде жойылды. Бұл – мекеме тарапынан техникалық бақылаудың тұрақты жүргізіліп отырғанын, суды үнемдеу мен жүйенің қауіпсіздігіне ерекше мән берілетінін көрсетеді. Сонымен қатар, қала көшелеріндегі тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 61 дана ашық құдық жабылып, оның 43-і шойын, 18-і бетон қақпақтармен жабдықталды. Бұл шаралар – тек инфрақұрылымдық емес, экологиялық әрі қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды қадам. Маусым айында тұрғындардың суды көп пайдаланатын мезгіліне дейін «Ащысай Су» МКК және мердігер «Каратас Майнинг» ЖШС бірлесіп, №9 және №10 су сорғыларының істен шығуына байланысты қуаттылығы сағатына 500 м³ болатын жаңа насос орнатты. Қазіргі таңда бұл сорғылар тұрақты жұмыс істеп тұр, ауыз су қалыпты режимде үздіксіз берілу үстінде. Бұл қадам – су ресурстарын тиімді басқаруға және тұрғындарды сапалы қызметпен қамтуға бағытталған энергия үнемдеу шешімдерінің бірі.
Өңір экологиялық тепе-теңдікті сақтау, «Таза Қазақстан» акциясын қолдау және газдандыру арқылы ауа сапасын жақсарту секілді бастамалармен қатар, су ресурстарын қорғау – өңірлік дамудың басым бағытына айналды. Су жүйелерін автоматтандыру, ескі құбырларды жаңғырту және ақауларды дер кезінде жою арқылы су ысырабын азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар Кентау қаласында экологиялық туризмді дамытуға да оң ықпал етеді. Таза су, қауіпсіз орта және жайлы инфрақұрылым – туристер үшін маңызды факторлардың бірі. Ал бұл көрсеткіштер жергілікті халықтың өмір сапасына да тікелей әсер етуде. Су – тіршілік көзі ғана емес, тұрақты дамудың тірегі. «Ащысай Су» мекемесінің атқарып жатқан әрбір жұмысы Кентау қаласының жасыл экономикаға негізделген болашағын қалыптастыруға қосылған нақты үлес болып отыр. Алдағы уақытта «Ащысай Су» мекемесі су жүйесін цифрландыру, автоматты бақылау құрылғыларын енгізу және энергияны үнемдейтін технологияларды кеңінен қолдану бағытында жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр. Мемлекеттік қолдау мен өңірлік жоспарлардың нәтижесінде Кентау қаласы экологиялық тұрақтылық пен инновациялық инфрақұрылым бағытында үлгілі аймаққа айналуға жақын.