Кентауда газдандыру қарқыны артты
Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы орайда Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық округтерде табиғи газбен қамту қарқыны жыл сайын артып, нақты нәтижелер беруде.
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Кентау қаласындағы 18 423 абоненттің 15 701-і, яғни 85 пайызы табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың өмір сүру жағдайының жақсаруымен қатар, қоршаған ортаға түсетін жүктеменің азаюына оң әсер етуде.
Ауылдық елді мекендерде де газдандыру жұмыстары қарқын алып келеді. Атап айтқанда, Байылдыр ауылында ішкі орам газ жүйелерін салуға 82,2 миллион теңге қарастырылып, бүгінде 361 абонентке 218 газ реттегіш шкаф орнатылды. Нәтижесінде 60 үйге көгілдір отын жетіп, ауыл тұрғындарының тұрмысы айтарлықтай жақсарды.
Хантағы ауылында табиғи газ жеткізуші магистралды құбыр салу жобасына 301,4 миллион теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы 12,3 шақырымды құрайтын құбырдың бүгінде 4,8 шақырымы тартылып үлгерді. Аталған жобаның жүзеге асырылуы барысында Хантағы ауылымен бірге Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақты газбен қамтамасыз ету көзделген. Бұл өз кезегінде өңірдегі өндірістік әлеуетті дамытудың маңызды алғышарты болмақ.
Қарнақ ауылында да ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұндағы ішкі орам газ жүйелерінің құрылысына 400 миллион теңге қарастырылып, жалпы ұзындығы 139 шақырым болатын құбырдың 17,3 шақырымына құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасуда.
Айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, газдандыру ісіне жеке сектор да белсене атсалысуда. Әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін кәсіпкерлер демеушілік көрсетіп, «KZ Invest Construction» ЖШС-нің қолдауымен табиғи газ желісінен тыс қалған 180 абоненттің 117-сіне газ реттегіш шкаф орнатылды. Бұл да – халық пен бизнестің бірлескен игілікті ісінің нақты нәтижесі.
Газдандыру – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, ол – тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Кентау өңірінің тұрақты әрі жасыл экономика қағидаттарына сай дамуына өз үлесін қоса бермек.