Кентауда индустриялық аймақтар дамып келеді
Кентау қаласы өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Өңірдегі индустриялық, арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтарды дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген алаңдарда бірқатар ірі жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың инвестициялық тартымдылығы арта түсті.
Қаладағы индустриялық аймақ 43 гектар аумақта орналасқан. Бүгінгі таңда бұл аймақта жалпы 7 жоба жүзеге асырылып отыр. Олардың қатарында «ЮгЭлектроПривод» ЖШС және «ЭлектроДеталь» ЖШС сынды ірі Кентау трансформатор зауыттары, сондай-ақ «Ауэзов» ЖК — оттегі өндірісі, «Таженов» ЖК — тор және темір бұйымдар өндірісі, «Сим-Тас» ЖШС — керамзит өндіру, «Халтаев» ЖК — темір торлар мен құрылыс блоктары өндірісі, «Бескаска» ЖШС — асфальт-бетон қоспалары өндірісі бар.
Индустриялық аймақта инфрақұрылымға 4 гектар, жобаларға 10 гектар жер бөлінген. Мұнда орналасқан кәсіпорындар үшін тиімді шарттар қарастырылған. Айталық, жер телімінің сатып алу құны – 1 ш.м үшін 225 теңге, жалға алу – 18,7 теңге, ауыз судың 1 текше метрі – 74,5 теңге. Сонымен қатар, аймақ ІІІ-категориялы асфальт жолымен және жалпы қолданыстағы теміржол торабына жақын орналасқан. Бұл жобаға логистикалық артықшылық береді. Және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне 28 шақырым ғана қашықтықта орналасып, инвесторлар үшін ерекше мүмкіндік тудырады.
2025 жылы индустриялық аймақта тағы 3 жаңа жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар: «Кентау аспап құралдар цехы» ЖК – темір бұйымдарын жасау, «Айдар Строй Групп» ЖШС – металл қондырғылар мен бұйымдарды шығару, және «Сапар Құрылыс» ЖШС – металл өндірісі цехы. Бұл жобалар іске қосылған жағдайда индустриялық аймақтың өндірістік қуаты мен қаладағы өндіріс саласының үлесі одан әрі арта түседі.
Сонымен қатар, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақтың да әлеуеті зор. Бұрынғы «Экскаватор» АҚ-ның зауыты орналасқан 35 гектар аумақ 2018 жылғы Үкімет қаулысымен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының басқаруына берілген. Мұнда қазіргі таңда 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар: «KentauRedStar» ЖШС – кірпіш шығару жобасы және «Темір Бетон» ЖШС – темір бетон бұйымдарын өндіру. Ал «TURAN SHENHUA» ЖШС-нің газ қазандықтары мен тұрмыстық техника шығару жобасы іске асыру сатысында тұр. Бұл аймақта өндірістік нысандарды жалға алу құны 300 теңгеден/м² басталады, ал салықтық және кедендік жеңілдіктердің кең спектрі кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы, ҚҚС, кедендік баждардан босатылу сынды тиімді тетіктер қарастырылған. Сонымен қатар, жер учаскелерін 25 жылға дейін жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында Қарнақ ауылында 10 гектар жерге өнеркәсіптік аймақ бөлінді. Қазіргі таңда бұл аумақта инфрақұрылым жүргізіліп, жобалар іріктелуде. Алғашқы болып тіркелген жобалар қатарында «Medical Style» ЖШС – медициналық киімдер тігу цехы, «SUPERCHEM» ЖК – кір жуғыш ұнтақ пен гель өндіру, және «Тажидин Ата» ШҚ – көкөніс сақтау қоймасын салу бастамалары бар. Бұл жобалар іске асқанда Қарнақ ауылындағы кәсіпкерлік белсенділік айтарлықтай артады.
Кентау қаласына инвестиция тарту бағытында тиісті жұмыстар бұдан кейінде жалғасатын болады.