Кентаудағы экологиялық бастамалар: таза су, тұрақты даму, қауіпсіз болашақ

Түркістан облысында экологияны сақтау, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және энергия тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл бастамалар өңірдің барлық қалаларында, соның ішінде Кентау қаласында да нақты жобалар арқылы жүзеге асып келеді.

Кентау қаласында соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Соның бірі – 2021 жылы басталған «Кентау қаласындағы су құбырлары желілерін қайта құру» IV-кезең жобасы.

Аталған жоба аясында қаладағы ескірген және техникалық тұрғыдан жарамсыз су құбырларын ауыстыру, желідегі ақауларды болдырмау және ауыз су жүйесін кешенді түрде жетілдіру көзделген. Бұл өз кезегінде қала мен оған қарасты ауыл тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ауыз су сапасы – халық денсаулығы мен өмір сапасының кепілі, ал оны жақсарту – жасыл экономиканың басты бағыттарының бірі.

Қаланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында кәріз жүйесін жаңғырту жұмыстары да қолға алынды. Бүгінде «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылысы» жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның әзірлеушісі – «МПК Проект» ЖШС.

Қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда, жобада 2 дана кәріздік насос станциясын (КНС) салу жоспарланған. Бұл жоба жүзеге асқанда қаладағы сарқынды суларды тиімді тазарту, экологияға кері әсерді азайту және суды қайта өңдеу мүмкіндіктері едәуір артады.

Қазіргі таңда Кентау қаласында жалпы 26 889 абонент тіркелген. Оның 20 277-сі – жеке тұрғындар болса, қалған бөлігі – өндірістік, бюджеттік және коммерциялық нысандар. Яғни, қала халқының басым бөлігі бұл жобалардың игілігін көрмек.

Кентауда жүзеге асырылып жатқан барлық инфрақұрылымдық жобалар жасыл экономика қағидаттарына толық сай келеді. Бұл бастамалар су ресурстарын тиімді пайдалануға, энергия тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Су жүйесін жетілдіру, сарқынды суларды тазарту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану – қаланың келешегін таза, қауіпсіз әрі жайлы орта ретінде қалыптастырудағы нақты қадамдар.

Кентау қаласында қолға алынған экологиялық бастамалар тек инженерлік инфрақұрылымды жаңартумен шектелмейді. Бұл – өңірдің әлеуметтік және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жан-жақты әрі кешенді жұмыстар. Халықтың өмір сүру сапасын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы бұл тәжірибелер өзге өңірлерге де үлгі бола алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *