Созақта елдік рухты ұлықтаған марафон өтті
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдік мұраттарды, тарихи сананы және жас буынның рухани тәрбиесін дамыту жөніндегі бастамалары негізінде Түркістан облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Мәдениет және ақпарат министрлігі бастамасымен қолға алынған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны. Жастар мен ардагерлер арасындағы тарихи сабақтастықты нығайтуды көздейтін бұл бастама елдің әр өңірінде жалғасын тауып, биылғы жылы Созақ ауданында да кең ауқымда ұйымдастырылды.
Марафон аясында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов бастаған делегация ауданға арнайы іссапармен келіп, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, өңірдің құрметті қариясы Мырзахмет Жылысбаевпен кездесті. Ардагерге арнайы марафон хаты табысталып, шапан жабылып, сый-сияпат ұсынылды. Құрметке толы бұл сәт жас буынға өнеге ретінде бейнетаспаға жазылып, фотосуреттермен қатталып, есте қалатын естелікке айналды. Марапат рәсіміне Созақ аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Ержігітов пен аудан жастары қатысып, ардагерге тағзым етіп, өнегелі ғұмыр жолымен танысты. Ардагер Мырзахмет ақсақал жастарға батасын беріп, өткеннің тағылымын бүгінгі ұрпаққа аманат етті.
«Ардагер өсиеті – бұл бір реттік шара емес, ел болашағы үшін маңызды рухани жоба», – деген ойымен бөлісті аудан жастары.
Марафонның басты мақсаты – елге еңбегі сіңген ардагерлердің өмірлік тәжірибесін дәріптеп, жастарға үлгі ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ұдайы жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи жадыны жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығы мәселесіне айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, патриотизм – құр ұран емес, ол – нақты әрекет пен жүрекпен қабылданған жауапкершілік. Дәл осы қағидаға негізделген «Ардагер өсиеті» марафоны жас буынды елін сүюге, өткенді қадірлеуге, ерлік пен еңбекті бағалауға тәрбиелейді. Марафон аясында өткізілген іс-шаралар жастардың тарихи санасын жаңғыртып қана қоймай, сондай-ақ Мемлекет басшысы ұсынған Ұлттық құрылтайдың басты мақсаттарымен де үндес. Яғни, бұл — ел болашағы үшін маңызды рухани бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтатын идеологиялық құрал. Мұндай жобалар ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың нақты көрінісі десек артық айтқандық емес.
Марафон маусым-қыркүйек айлары аралығында еліміздің барлық облысында өткізіліп, соңғы кезеңі Астана қаласында салтанатты түрде қорытындыланбақ. Әр аймақтың ардагерлерінен алынған өсиеттер хатқа түсіріліп, елордада ұлттық мұрағатқа тапсырылмақ. Бұл – еліміздің тарихи жадысын сақтау жолындағы нақты қадам және болашақ ұрпаққа арналған аманат. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары тарапынан бұл жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жастар саясаты саласындағы мұндай рухани шаралар ел Президентінің тапсырмаларын орындауға, ұлттық идеологияны нығайтуға және патриот ұрпақ қалыптастыруға айтарлықтай серпін берері сөзсіз. «Ардагер өсиеті» – бұл тек өткенді еске алу ғана емес, бұл – елдің ертеңіне бағытталған рухани мұра. Елдік пен ерлікті ұлықтайтын мұндай бастамалар қоғамның тұтастығын сақтауға, жастардың сана-сезімін ұлттық арнаға бұруға зор ықпал етері анық.
Созақта өткен бұл марафон – соның жарқын дәлелі. Марафон барысында жастар мен ардагер арасындағы рухани байланыс күшейіп, өскелең ұрпақ үшін тарихи сабақтастықтың маңызы тереңнен түсіндірілді. Іс-шара жас буынға тек құрмет көрсетумен шектелмей, ел тарихын тануға, ел қорғаған ерлердің өнегелі жолын үлгі етуге бағытталды. «Ардагер өсиеті» – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Мұндай жобалар арқылы жастардың бойында отансүйгіштік рухы қалыптасып, Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық тәрбиенің жаңа кезеңіне нақты қадамдар жасалуда.