Кентау қаласында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар іске асуда

Биылғы жылы Кентау қаласында индустриялық, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Қала аумағында іске асырылып жатқан жобалардың ауқымы мен салалық қамтуы Кентаудың жүйелі даму жолына түскенін көрсетеді.

Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрайтын 4 ірі жоба жүзеге аспақ. Аталған жобалар нәтижесінде 310 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың екеуі арнайы экономикалық аймақта, қалған екеуі индустриялық аймақта орналасқан. Мәселен, «KentauRedStar» ЖШС-нің 1,5 млрд теңгелік кірпіш зауыты 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 2025 жылдың мамыр айында іске қосылды. Ал «TURAN SHENHUA» ЖШС газ қазандықтары мен тұрмыстық техника өндіретін зауытын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 2,4 млрд теңге, 120 адамды жұмыспен қамту көзделген.

Индустриялық аймақта «АйдарСтройГрупп» ЖШС металл бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысын бастады. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 50 адамға тұрақты жұмыс береді. Сонымен қатар, «Сапар Құрылыс-С» ЖК металл өндірісі цехын 400 млн теңгеге іске қосып, 60 адамды еңбекпен қамтымақ.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын 8 жоба қолға алынды. Олардың қатарында «Medical Style» ЖШС-нің медициналық киім шығаратын цехы жұмысын бастап үлгерді. 100 млн теңге жеке қаражат есебінен ашылған кәсіпорында 40 адам еңбек етуде. Қарнақ ауылында «Рустемов» ЖК сусын шығару жобасын іске асыруда. Сонымен бірге, осы ауылда бірнеше супермаркет пен медициналық орталықтар салынып жатыр. Қала орталығында «Джанадилов» ЖК екі ірі нысан – «Mansarda» рестораны мен супермаркет орталығын салып жатыр. Жобалар іске асқанда, жалпы 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, «KazRealMeat» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңы, жем өндіру мен мал сою цехынан тұратын кешен салынуда. Бұл жоба толық қуатқа 2026 жылы шығады, ал биыл алғашқы кезеңі іске қосылады. Жобада 25 адам еңбек етпек. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік жылыжай кешені, тамшылатып суару технологиясын қолданатын бау және жүзім-бақша өнімдерін өсіруге бағытталған жобалар іске асуда.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Кентау қаласында іске асырылатын өндірістік, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы жобалары қаланың экономикалық әлеуетін арттырып, жұмыссыздықты азайтуға сеп болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *