Референдумның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан сайрамдықтар марапатталды
Қазіргі таңда әлемнің 31 елінде 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Олар әлемде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. 15 елде құрылысы салынып жатқан 62 реактор бар. Тек Қытайдың өзінде ғана 28 реактор салынуда, ал 2050 жылға қарай Қытайда 150 реактор болады. АҚШ, Франция, Қытай, Жапония, Ресей және Оңтүстік Кореяның белгіленген ең көп қуаты 20 ГВт-тан асады. Канадада шамамен 13 ГВт, ал Ұлыбритания, Швеция, Испания, Үндістан және Бельгияда шамамен 5-10 ГВт атом электр стансасының белгіленген қуаты бар. Бұдан басқа тағы 18 елде қуаты 0,4-4 ГВт болатын бір немесе бірнеше реакторлар бар екен.
Өткен жылы Ұлыбритания, Венгрия, Канада, Нидерланды, БАӘ, Польша, Румыния, Словакия, Словения, АҚШ, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония және басқалары 2050 жылға қарай Атом энергиясын пайдалануды үш есе арттыру туралы халықаралық декларацияға қол қойды. Ең алдымен, бізге жаһандық жылынуға қарсы күресуге жаңартылған энергия көздері ғана емес, атом электр стансалары көмектесе алады деп есептеледі. Дегенмен, бұл мәселеге келгенде елдің пікірі екіұшты болды. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мәселенің жалпыхалықтық референдум арқылы шешілетінін жариялады.
«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.
6 қазан күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтті. Сайрам ауданының тұрғындары да саяси маңызы бар іске белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.
Сайрам ауданында 89 референдум учаскесі жұмыс істеді. Аудан бойынша 635 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқарды. Дауыс беру кабиналары арнайы ширмамен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалды. Бұл ретте жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс бар. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытында оқыту жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айтып өткендей, біз болашақ ұрпағымыз үшін осындай мемлекеттік маңызы бар шешімдерді бірлесе отырып қабылдап, маңызды қадам жасаудың жаңа үлгісін көрсеттік.
Нәтижесінде Сайрам ауданында референдум жоғары деңгейде өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау және Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссияларының тарапынан 2024 жылғы 6 қазан күні өткізілген Республикалық референдумның әзірленуі мен өткізуіне белсене араласып, жоғары деңгейде өтуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосқан Сайрам ауданының учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.