«Қамқорлық» аналар мен балаларға қашан да қамқор
Облыс орталығында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында ашылған «Қамқорлық» отбасы орталығы жүйелі жұмыс атқаруда. Орталық өткен жылы 2 568 тұрғынға көмек көрсеткен.
Әлеуметтік әлсіз отбасы мүшелерін өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етуі үшін мекемеде 10 кәсіп түрінен тегін курс оқытылады. 4 кезең арқылы (QADAM – білім беру жобасы, KENSE – әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, NӘTIJE – әлеуметтік жоба, QOLDAU) жүзеге асатын кәсіптік курсты өткен жылы 275 азамат оқып, қазіргі таңда олар азды-көпті табыс табуда. Кәсібін ашуға ниетті 11 көп балалы ана орталық сүйемелдеуі арқылы мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған.
Мұнда тегін курстар да бар. Атап айтсақ, шаштараз, маникюр, педикюр, тігін ісі, қолөнер бұйымдарын жасау, аспаз, тәрбиеші, кондитер, балалар массажы мен эстет косметология мамандықтары бар. Одан бөлек, орталыққа келушілер тегін психолог, заңгер кеңесі және цифрлық қызмет түрлеріне жүгіне алады. Сондай-ақ, орталық жалғызбасты аналар мен көп балалы аналарға мотивация беру, қолдау көрсету мақсатында еліміздегі түрлі саланың танымал өкілдерімен кездесулер, тренинг сағаттарын ұйымдастырып келеді. Мәселен, биыл орталық көп балалы отбасылар, әлеуметтік әлсіз топ санатындағы отбасылар балаларына ағылшын, орыс тілін тегін үйретуді бастады.