Түркістан облысында әйелдерге арналған «Ашық есік» күні өткізілді
Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету мәселесін көтерген ел Президенті, осы бағытта жүйелі шаралар қабылдану керектігін тапсырған болатын. Ал Түркістан облысының полицейлері отбасында орын алатын тұрмыстық қатынастармен күресуді күн тәртібінен түсірген емес. Осы мақсатта Арыс, Түркістан, Келес, Кентау, Төлеби, Сауран, Жетісай аудандарының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының иснпекторлары «Ашық есік» күнін өткізді. Іс-шараға келген қыз-келіншектер, полицейлерге өздерінің отбасы-тұрмыстық саласына қатысты сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Яғни «Ашық есік» күніне келген әйелдерге психологиялық-құқықтық кеңес берілді. Сондай-ақ отбасында жақын адамдарынан зорлық-зомбылық, қысым көріп жүрген әйелдерді қорғаушы полицей арулар, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға қысым көрген жағдайда не істеу керектігі жөнінде мәліметтер, кеңестер жазылған брошюралар таратты.
Осы ретте, Сіз, отбасында қандай да бір қысым көрсеңіз, зорлықтың куәсі болсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз. Сонымен қатар Түркістан облысы «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы да тегін қызмет көрсететінін жеткіземіз. Бұл орталықтар да сізге тегін құқықтық, медициналық кеңестер беріледі. Әйелдерді және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» де үзіліссіз жұмыс жасайды. Сондықтан естен шығармаңыз: сіздің әрқайсыңыздың құқығыңыз қорғалады және тиісті шаралар қабылданады!