Дильназдың жылыжайында 100-ден астам бөлме гүлі жайқалып тұр
Кезінде елімізге Голландиядан арнайы әкелінетін өсімдерді қазір өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер де өсіріп, оларды қалай баптаудың қыр-сырын меңгеріп алған. Кейіпкеріміз Дильназ Омарова Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылында тұрады. Аядай ауылдан кәсіп бастап, бүгінде гүлдерін еліміздің ірі қалалары мен бірнеше облысына жөнелтіп отыр. Орайы келгенде Дильназ Омарованы әңгімеге тартқан еді.
Кәсіпкердің айтуынша, оның бірнеше жылыжайы бар. Үйінің ауласындағы жылыжай 27 соттық жерге орналастырылған. Онда бөлме гүлінің 100-ден астам түрі мен декоративті өсімдіктер өсірілуде. «Олардың әрқайсысы әртүрлі күтімді қажет етеді. Мерекелер кезінде «Отбасы бақыты» гүліне сұраныс жоғары болады. «Алое» гүлін де емге іздеп келетіндер көп. Бүгінде бұл гүл косметология саласында да кеңінен қолданылуда», — дейді Дильназ Омарова.
Сұхбаттасу барысында кейіпкерден «Гүлдердің ең қымбаты қайсы?» деп сұрап едік. «Гүлдердің ішінде ең бағалысы – «Доллар» гүлі. Бұл гүлді де көбейтуді меңгеріп алдық. Қазір өзіміз көбейтіп, өсірудеміз» , — дейді кәсіпкер келіншек.
Дильназ Омарова бүгінде бұдан бөлек 50 соттық жерді жалға алып, онда жылыжай салып, кәсібін кеңейткен. Онда бүгінде раушан гүлінің 8 түрі жайқалып тұр. Ол гүлдерді Түркістан облысынан бөлек Алматы, Астана қалалары мен еліміздің бірқатар облыстарына жөнелтуде.
— Бұл кәсіпке келуімнің өзі қызық болды. Бала күтімімен үйде отырғанымда ақша қажет болып, базарға үйдегі гүлдерімді шығарған болатынмын. Міне, содан кейін маған бөлме гүлдерін өсіріп, оларды сатуға болатыны туралы ой келді. Қазір осы ойым мені осындай жетістіктерге жетелеп келеді. Алдағы уақытта тағы да бірнеше жылыжай ашуды мақсат етіп отырмын, — дейді Дильназ Омарова.