Отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың маңызы зор
Елімізде 2024 жылғы 1 шілдеде 67,1 мың отбасындағы 355,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 60,5 млрд теңге қарастырылған.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару. Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 118,9 мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс әкімінің бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілді. Оның ішінде 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды ұлттық жобалар мен бағдарламаларда ашылатын жұмыс орындарына жолдау және 7,2 мың адамға грант пен шағын несие беру көзделген.
Биылғы I жартыжылдық жоспарына сәйкес 69,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланса, нақты 60,4 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Тиісінше, I жартыжылдық жоспары 86,8% болып орындалды. Одан бөлек, аз қамтылған азаматтардың табыстарын арттыру арқылы кедейлікті төмендету бойынша жұмыстар да жалғасуда. Қиын жағдайға тап болған аналарға қолдау көрсету.
Биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ, кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, АӘК көрсетудің 2024 жылға жоспары бекітілді. 1 шілдедегі жағдай бойынша 13,569 мың отбасыға немесе 81,2 мың адамға 3,8 млрд. теңгеге АӘК тағайындалып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үлесі облыстағы халық санының 3,8%-ын құрап отыр.
Түркістан облысында 99,2 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. Биыл облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 12,3 млрд. теңге бөлінген.