Құндыз апаға деген құрмет бөлек

Әбдіқадірова Құндыз апамыз ауданымыздағы бақытты аналарымыздың бірі десек қателеспейміз. 1970 жылы Алматы медициналық институтын бітіріп жолдамамен келген Әбдіқадыров Сатыбалды ағамызбен отандасып, аудандық ауруханада еңбек жолдарын бірге бастады. Сатыбалды аға, мамандығы хирург, ота жасаса Құндыз апамыз оташы медбике ретінде аурулардың ертерек айығып шығуына, маман ретінде жағдай жасаудан жалықпаған жандар. Сатыбалды аға ауруханада 31 жыл қызмет атқарып, өмірден өтті. Қазір Темірлан ауылының үлкен көшесінің бірі Сатыбалды ағаның атымен аталады.

Құндыз апамыз 37 жыл тапжылмай еңбек етті. Еңбегімен елдің ықыласына бөленген «Күміс алқалы» анамыз 26 немере, 8 шөберенің сүйікті әжесі. Қазақ анасына тән қасиеттің бәрі бойында бар, ұлағатты істері мен өнегілі еңбек жолымен кейінгі жастарға өнеге, үлгі.

Ұл-қыздарының жоғары білімді мамандық иелері болып елге қызмет етіп, елдің ризалығын алып жүретін азамат болса деген армандары орындалды. Үлкені Жанар Шұбарсудағы жалпы орта мектептің директоры, Айгүл Сайрам ауданындағы орта мектеп директорының орынбасары, Салтанат Астанада дәрігер, Мұхтар Отырар аудандық аурухана басшысының орынбасары, ғылым кандидаты, облыстың бас артимологы, Динара Алматыда, жеке кәсіпкер, Серік Шымкентте, Тұран ауданы Прокуратурасының бөлім прокуроры қызметінде.

Құндыз апа жұмыс отбасыны қатар алып жүрген. Отбасының түтінін түзу түзеткен ана ретінде көпке үлгі. Әліге дейін Құндыз ападан ақыл-кеңес сұрап келетіндер көп. Осындай көпті көрген, үлкен құрмет пен кішіге ізетті көрсете білетін, кейінгі буынға өсиетін айта алатын аналарымыз әрқашан да аман болсын.

Г.ТАЙТЕЛИЕВА,

«Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі»

қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *