Әдемі-айдың қымызының дәмі бәрінен әдемі
Әдемі-ай Нәжімідінқызы Қазығұрт ауданы Қызылқия елдімекенінде тұрады. Оның негізгі мамандығы мұғалім дегенмен, оның жаны кәсіппен айналысқанды жақсы көреді. Тұрмысқа шыққаннан кейін Әдемі-ай біраз уақыт ұстаздық қызмет еткен екен. Алайда, кейіпкеріміз өзінің жан қалауымен айналысқанды жөн көріп, кәсіпке келіпті. Алдымен қалыңдық көлектерін сатып алып, оларды жалға бере бастайды. Кейіннен оған қалыңдық пен күйеу жігіттің бірге серуендеуіне арналған көліктерді қосады. Осылайша оның кәсібі алға қарай дөңгелеп, хореграфтармен бірге биші қыздарды түрлі ұлт өкілдерінің билерін салтанатты жинадарда, той-томалақтарда мың бұрала билеуге дайындайды.
Пандемия кезінде мұндай кәсіп тоқтап қалды. Әдемі-ай осы кезде «Ырыс» микроқаржы ұйымынан несие алып бие байлап, қымыз сатуды қолға алды. Қазір кейіпкеріміз ұлттық сусынымызды халыққа уақытылы жеткізіп беріп отыру үшін, күніне үш мезгіл бие сауып, оны қымыз етіп дайындайды. «Қымызға бір күн қарамай қалсаң, ол өзінің бабын жоғалтады. Шүкір, бүгінде шаңырағынымыздан ұлттық сусынның дәмі үзілмейді. Қымыз әзірлеу біздің күнделікті ісімізге айналып кетті. Негізінен мен келін болып түскен шаңырақта ұлттық құндылықтан, салт-дәстүрлер жақсы сақталған. Өзіңіз көріп отырғандай жылқы малын өсіріп, қымыз дайындауды да дәстүрге айналдырған. Енемнің көрсеткен жолымен жүріп, қымыз әзірлеп, қасиетті күбісін сақтап келе жатқанымды өзім өзгелерге мақтаныш етемін, — дейді Әдемі-ай.
Қазақ жылқыны ерекше бағалап қасиет тұтқан халық қой. Ол үшін төрт түліктің ішіндегі төресі саналған. Әдемі-ай өзге тағамдарға қарағанда, қымызды дайындаудың әдіс-тәсілдері, жөн-жоралғысы өте көп екенін айтады.
Әдемі-айдай келіндеріміз барда ұлттық сусындарымыз дастарқанымыздан үзілмек емес.