Жаннаның гүлдері жайқалып тұр
Түлкібастық Жанна Әлжанның гүл бизнесімен айналыса бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, ол қазір кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен кем емес. Келушілеріне көздің жауын алатын, иісі аңқыған гүлдерімен бірге тәттілері мен сый-сияпатқа ұсынылатын заттарды да ұсынады. Кәсіпкер Жанна гүлдерді әзірге Шымкенттен, Тараздан және Ташкенттен алдырып жатыр екен. Бұйыртса, алдағы уақытта оларды өзі өсіруді мақсат етіп отыр.
Бүгінде елімізге гүлдер Германиядан, Нидерландыдан, Бельгиядан келеді. Осыған байланысты олардың құны шетелдік жеткізушілерге байланысты болып отыр. Егер де гүл шоқтарын өзіміз өсіріп, сатуға шығаратын болсақ, онда мұндай импортқа тәуелді болмаймыз. Осы жағынан алғанда Жаннаның бастамасы қолдауға лайықты. Оның үстіне қазір гүлдің бағасы қымбат екен деп оны жұрт алмай жатқан жоқ. Елімізде мерекелерде, туған күн секілді той-томалақтарда адамдардың бір-біріне гүл сыйлау мәдениеті қалыптасып келеді.
Айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе, кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Түркістан облысында әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни шағын және орта кәсіпкерліктің 31%-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр.