Түркістан облысының әкімі қазығұрттық кәсіпкерлермен кездесті
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына іссапар аясында Сарапхана ауылдық округі, Майлыошақ елді мекенінде орналасқан «Асыл бастау KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «AQUA THE BEST» өндіріс орнымен танысты.
Су шығаратын цехтың жер көлемі – 2 гектар, жылына 1500 тонна су өндіре алады. Мұндағы жұмысшылар саны 15 адам болса, орташа айлық жалақысы 130 000 теңгені құрайды. Облыс әкімі кәсіпкердің жұмысына оң баға беріп, тұрғындардың сұранысына сай әрекет ету керектігіне тоқталды.
Серіктестік басшылығы кәсіпкерлік саласында кездескен қиындықтарын, тауарлы-сүт фермасын осыдан 4 жыл бұрын уақытша жабуға тура келгенін айтты. Қазіргі таңда майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май шығаратын цех жұмысын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі жауаптыларға мемлекеттік қолдау тетігін қарастыруды тапсырды.
Айта кетейік, өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. 2023 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 857,6 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 190,1%-ға орындалды.2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн. 133,8 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Қазіргі уақытта, бірінші тоқсанның қорытындысымен өңірге 132,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 131,0%-ға артты.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, алдағы уақытта инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында өңірде 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,2 трлн. теңге, 18 263 жаңа жұмыс орны ашылады.