Жолдау жүктеген міндет: Түлкібас ауданында апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектеп жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында білім беру саласының сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы әсіресе білім беру саласын цифрландыру, педагогтардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ балаларға тең мүмкіндіктер жасау міндеттерін, ауыл мектептерін жаңғыртуға баса назар аударады. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Білім беру жүйесін жаңғырту арқылы балаларымызды заман талабына сай біліммен қамтамасыз етуіміз керек. Әсіресе ауылдық жерлерде сапалы білім беру инфрақұрылымын дамытуға баса назар аудару қажет» деген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақстанның болашағы – жастардың білімінде. Сондықтан педагогтардың мәртебесін көтеріп, білім беру мекемелерін цифрландыруды одан әрі жандандыру керек. Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту – біздің басты міндетіміз» деп Үкіметке нақты тапсырмалар да жүктеген-ді.
Түлкібас ауданындағы білім беру инфрақұрылымының жақсаруы мен жаңа мектептердің құрылуы, балабақшалардағы қамту деңгейінің жоғары болуы аудан балаларының сапалы білім алуына және болашаққа деген сенімділікке негіз болып отыр. Мұндай жұмыстар Мемлекет басшысының ауылды дамыту, білімді жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы ауданның жауапкершілігі мен белсенділігін көрсетеді. Осындай шаралар арқылы Түлкібас ауданы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуіне маңызды үлес қосып, өңірдің болашағын жарқын етуге жол ашуда.
Бүгінде Түлкібас ауданында білім беру саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан бойынша 62 мектеп жұмыс істейді, оның 49-ы типтік, 11-і ыңғайластырылған. Сонымен қатар, бір кешкі мектеп (Абай мектебі) және бір жекеменшік мектеп бар. Қуантатыны сол, мұнда апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер жоқ. Бұл білім сапасының және оқу үрдісінің тұрақтылығын көрсетеді. Қазақстан Халқы қорының қолдауымен Састөбе кентінде 300 орындық мектеп және Т.Рысқұлов ауылындағы Нұршуақ мөлтек ауданында 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі кезде бұл мектептердің жобалық-сметалық құжаттары облыстық құрылыс басқармасы тарапынан әзірленуде.
Сонымен қатар, биыл Қараағашты ауылындағы «Дауан» орта мектебінің қосымша 150 орындық ғимаратының құрылысына қосымша сыныптар, заманауи спорт және АКТ залдарына 300 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан 2026 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Одан бөлек Азаттық ауылындағы Ә.Науаи атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 726,5 млн теңге қаралған. Бұған қоса 5 білім беру мекемесіне (И.Рыбалко, Иірсу, Ш.Мұртаза, Ы.Алтынсарин, М.Шаханов) жалпы құны 247 млн теңге болатын ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, мердігерлер анықталды. Бұл жұмыстар 2026 жылы аяқталмақ.
Мектепке дейінгі білім беру саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Түлкібас ауданында 53 мектепке дейінгі ұйым бар, онда 3 пен 6 жас аралығындағы 6060 бала тәрбиеленуде. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Оның ішінде 15 мемлекеттік балабақшада – 1992 бала, 35 жекеменшік балабақшада – 4008 бала, 3 шағын орталықта 60 бала бар.
