Жолдау жүктеген міндет: Төлебиде табыс көзі — таңқурай
Қазіргі Қазақстанның даму стратегиясының негізі – агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мен ауыл шаруашылығын тиімді дамыту. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, еңбекпен қамту мәселесін шешу, сондай-ақ, экспортқа бағытталған және инновациялық бағыттағы аграрлық өндірісті дамыту тапсырмалары айқын көрсетілді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Төлеби ауданы, Тасарық ауылдық округіне қарасты «Оңтүстік» елді мекенінде тұратын Құдабек Асылбековтің тәжірибесі – ерекше үлгі.
Жылу-энергетикалық орталықта қызмет атқарған Құдабек ауласына түрлі көкөністер егуді ұнатады. Ал, оның ерекше қызығушылығы – таңқурай мен құлпынай өсіру. Ресейден әкелінген «Атлант» сортты таңқурай Тасарықтың климатына тез бейімделіп, алғаш рет 4 сотық жерге егілгеннен кейін көп ұзамай оның пайдасы айқын көрінді. Құдабек Жамбылұлының айтуынша, таңқурай маусымы маусым айынан басталып, қыстың басына дейін өнім береді. Осы ұзақ маусым арқасында ауылда жұмыссыздық мәселесіне өзіндік оң ықпал жасалады.
«Таңқурай мен құлпынайдың ағзаға пайдалы екенін халық жақсы біледі. Келіншектер тосап жасайды, кейбірі шайға салып ішеді. Медициналық қасиеттері де жоғары», – дейді Құдабек.
Оның қарамағында қазір 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, күніне 200 келіге дейін өнім жинап, оны Ленгір, Шымкент және Түркістан қалаларына жөнелтеді. Бұл – ауыл шаруашылығын тек өнім өндіру деңгейінде ғана емес, тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған игі бастама.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше Жолдауларында ауылды дамыту мен ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ерекше назар аударған. Мемлекет басшысы «Ауыл – елдің берекесі» деп атап, ауылдағы жұмыс орындарын көбейтіп, жастарды еңбекпен қамту мәселесін шешуді басты міндетке қойған. Құдабек Асылбеков секілді кәсіпкерлердің табысты үлгісі – осы саясатының нақты көрінісі.
Тасарық ауылдық округінің әкімі Бақытбек Алтынбековтің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, су және басқа да инфрақұрылым мәселелері шешілуде. Ол тұрғындарды «қарап отырмай, аулаларына көкөніс егіп, мал шаруашылығымен айналысуға» үгіттеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, өмір сүру сапасын жақсартады.
Құдабек Асылбековтің тәжірибесі көрсеткендей, «жұмыс жоқ» деген жалған пікірді өзгертуге болады. «Таңқурайдың өнімін теруге алты ай бойы кіріс бар. Жердің қалған бөлігіне көкөніс ек, мал асыра» деген қарапайым әрі тиімді әдіс ауылда еңбекпен қамтудың сенімді жолы болмақ. Бұл – ауылды жаңғыртудың және ауыл шаруашылығын әртараптандырудың нақты үлгісі.
Сонымен қатар, Төлеби ауданы мен көршілес аймақтарда аграрлық өнімдердің алуан түрлілігі артып келеді. Сайрам ауданы банан өсіруді қолға алса, Сарыағаш ауданының бағбандары анар мен лимон өсіреді. Қытай инвесторлары шөлейт жерлерді игеріп, мақта өсіруде. Бұл – еліміздегі ауыл шаруашылығының жаңа бағыттарының кеңеюінің айғағы.
Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан берілетін қолдау мен инвестициялар артты. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, тұрақты жұмыс орындарын құруға және экспорттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. «Ауыл – елдің тірегі» деген қағида аясында, жастардың еңбекке тартылуы – ел болашағының кепілі. Құдабек Асылбеков сияқты еңбекқор азаматтардың ісі – ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып, ауылдық жерлерде тұрақтылық пен берекенің орнауына септігін тигізуде. Ең бастысы, бұл іс – жасампаздық пен табандылықтың жемісі, заманауи талаптарға сай ауылды жаңғыртудағы нақты қадам.
Осылайша, таңқурай мен құлпынай өсіруді дамытып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған Құдабек Асылбековтің бастамасы — Президент Жолдауларында белгіленген міндеттерді іске асырудағы көрнекті үлгі. Бұл – ауыл шаруашылығын жаңғыртып, елдің аграрлық әлеуетін арттырудағы маңызды бағыт.
