«Dauletten» қайырымдылық қоры ауыл балаларына оқу құралдарын тарту етті
«Dauletten» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Ауылдағы ағайынның балаларына» атты қайырымдылық жобасы биыл да өз жалғасын тапты. Керуен түрінде ұйымдастырылып, ауыл-аймақты аралап келе жатқан бастама Түркістан облысының алыс ауылдарында тұратын балаларға мектепке қажетті оқу құралдарын табыстады.
Қор өкілдері, жергілікті еріктілер мен білім бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен өткен шараның мақсаты – алыс ауылдардағы балалардың білім алу мүмкіндігін арттырып, оларға қажетті ресурстарды қамтамасыз ету. Көмек алатын оқушылардың тізімі жергілікті білім басқармаларынан жинақталған. Қор өкілдері шара барысында білімнің маңызды екенін, балалардың болашағы үшін оларға қажетті қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Жалпы биыл облыста «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестірілетін болды. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың мәлімдеуінше, аталған қолдау мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен өзге де санаттарға жататын тәрбиеленушілерге беріледі.