Жолдау жүктеген міндет: Отбасылық кәсіппен ел дамуы

Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту және ұлттық дәстүрлерді жаңғырту – Қазақстан Президентінің басым бағыттарының бірі болып отыр.

Мемлекет басшысының Жолдауларында ауылды жаңғыртып, ұлттық өнімдерді өндіру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі кеңінен көтеріліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Осындай стратегиялық маңызы зор міндеттерді өз ісімен көрсетіп келе жатқан жергілікті кәсіпкерлердің бірі – Төлеби ауданының Ұзынарық ауылының тұрғыны Бақытжан Назарбеков.

Бақытжанның кәсібі – ұлттық құндылығымыздың бірі саналатын жылқы шаруашылығымен тығыз байланысты. Ол үш бие байлап, саумал сауып, ұлттық сусын қымызды дайындаумен айналысады. Бұл кәсіп оның отбасы үшін ғана емес, өңір тұрғындары мен қала қонақтары үшін де ерекше маңызды әрі пайдалы іс болып табылады. Әсіресе пандемия кезінде қымызға деген сұраныстың күрт өсуі оның кәсібін дамытуға серпін берді.

«Коронавирус індеті өршіп тұрғанда, халық табиғи, сапалы өнімге жүгінді. Мен де сол кезде барлық күш-жігерімді жұмсап, биелерді көбейтуге бел будым. Өйткені, бала кезімнен атқа мініп, қымыз ішіп өскен адам ретінде оның шипалы қасиеттерін жақсы білемін. Қазақстандық және шетелдік ғалымдардың да дәлелдегеніндей, қымыздың құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер адам денсаулығына зор пайда әкеледі» — дейді, Бақытжан Назарбеков.

Шын мәнінде, биенің саумалы мен қымызы – ағзаны тазалап, иммунитетті көтеруге көмектесетін табиғи өнім. Бұл қасиеті оның тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болуына себепкер. Ақтау, Атырау, Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда сынды елдің түрлі өңірлерінен келген адамдар Бақытжанның үйінен дәм татып, өнімнің сапасына риза болып қайтады. Байқоңыр қаласынан келген Гүлғайша Кәрімқызы да осындай қымыздың пайдасын өз көзімен көрген жандардың бірі.

Ол: «Біз күнде саумалды әр екі сағат сайын ішеміз. Биені көзіміздің қарашығындай сауып, табиғилығына сенеміз. Қант диабеті мен жөтелден зардап шегетіндерге, өт қабы мәселелері барларға зор пайдасы тиді. Мен де ағзамның жеңілдеп, жалпы жағдайымның жақсарғанын сезіп жүрмін», – деп әңгімелейді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті қолдау, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту маңызды орын алады. Бақытжанның іскерлігі – дәл осындай мемлекеттік саясаттың табысты үлгісі. Ол алдағы уақытта сауын биелер санын арттырып, қора-жайларын кеңейтуге жоспар құрып отыр. Бұл ісіне отбасының барлық мүшелері атсалысып, өзара тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Бақытжанның айтуынша: «Бұл – отбасылық кәсіп. Келіндерім биелерді сауып, мен оларды жайылымға шығарып, балаларым жем-шөп дайындауға көмектеседі. Жылқы малы жақсы күтімді талап етеді, жем-шөп жеткілікті болса, сүт сапасы да жоғары болады. Биелерімнің жай-күйін жақсы қадағалаймын, өйткені олардың сүті біздің басты өніміміз» дейді.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған бағдарламалар мен инвестициялар арқылы осындай кәсіптер дамып, ауыл өмірі жандана түседі. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Табиғат сыйлаған шипалы саумал мен қымыздың арқасында өңірдің денсаулығы жақсарып, ұлттық дәстүрлеріміз жаңғыртылуда. Елдің экономикалық өсуі мен халықтың саулығы үшін еңбек еткен азаматтарымыздың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Биенің сүтінен дайындалған бұл табиғи өнімнің маңызы мен құндылығы жыл сайын артып келеді.

Ел Президентінің тапсырмасына сай, отбасылық кәсіптерді дамыту арқылы ауылдық жерлерде тұрақты еңбек пен табыс көзі қалыптасуда. Сондықтан да Бақытжанның ісі – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңғыртудағы жарқын үлгі әрі халық денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *