Төлеби ауданында киім тігетін фабрика салынуда
Төлеби ауданында тігін фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазір мұнда ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда. Кәсіпорынның инфрақұрылымға қатысты мәселелері кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бақылауына алынып, жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Алдағы уақытта электр, телефон желілері мен су құбырлары тартылмақ.
Жеке инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан жоба KAZPLAST ЖШС-ға тиесілі. Жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Жылына 150 мың дана арнайы киім тігетін кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл жұмысын бастағалы отырған фабрика өнімдері ел іші қажеттілігін өтемек.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14 277,8 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі – 111,1% құрады. Ал өнеркәсіптің өндірілген өнімінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 5,2 пайызды құрайды. Қазіргі таңда облыс аумағында жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы 50-ге жуық кәсіпорын бар. Оның ішінде, 25 кәсіпорын мақта өңдейді, ал 10 тігін кәсіпорындары мен 9 тігін цехтары жұмыс істейді, 3 кәсіпорын аяқкиім шығарады, 1 кәсіпорын медициналық мақта шығарады.
Айта кетейік, облыста жіп және мата өндіретін кәсіпорындар жоқ. Алайда қазір аграрлы өңір әлеуетін осы салаға бағыттап, шикізат шығарып қана қоймай, дайын өнімді нарыққа шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Салаға шетелдік инвесторлар мен заманауи технологияларды тарту арқылы жіп иіріп, мата өндіру ісінде алда кеткен елдердің тәжірибелері қолданылмақ.
Реті келген тілге тиек ете кетейік, өткен жылы облыста «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді.